НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан — Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов "карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы" қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізді.
Құжатта діни нысандар жұмысына қатысты толықтыру енгізіліп отыр. Бұл өңірдің коронавирус таралуы бойынша қандай аймақта тұрғанына байланысты.
"Қызыл" және "сары" аймақтағы діни нысандарда адам жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынады. "Жасыл" аймақтағы мешіттерге бес намазға рұқсат етіледі. Мешіт сыйымдылығының 30 процентінен және адам саны 100-ден аспауы тиіс", - делінген қаулыда.
Жұма намаз тек ауыл мешіттерінде ғана өтеді. Келушілер саны ғимарат сыйымдылығының 25 процентінен көп болмауы керек.
Сондай-ақ, қаулыда елге келушілерге байланысты шектеу шаралары да қамтылған.
Шекара кесіп өту кезінде адамдар берілген күннен бастап есептегенде 3 тәулік бұрын берілген (қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілдерінде) теріс нәтижесі бар анықтама ұсынуға міндетті.
Кімдер үшін міндетті емес:
- 5 жасқа дейінгі балалар (оларды ертіп жүретін адамдарда теріс нәтижесі бар анықтама болса);
- Қазақстан Республикасының үкіметтік делегациялары;
- авиакомпаниялар экипажы.
Теміржол, теңіз, өзен, жеңіл көлікпен келетін азаматтарға қатысты шектеулер де жазылған.
Қаулының толық мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.