Қоғам

Бүгін жұма намазы қай мешіттерде оқылады

Қазақстанның эпидемиологиялық жағдайына арналған матрицаға сәйкес, 5 ақпанда "жасыл" аймаққа алты облыс және екі республикалық маңызы бар қала кірді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі мешіттерде жұма намазын және бес уақыт намазды өткізуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай жағынан "жасыл" аймаққа" кіретін облыс ауылдарында ғана жұма намазын мешітте оқуға болады. Егер аймақ "қызыл" немесе "сары" аймақта болса, мешітте жұма намазын да, бес уақыт намазды да өткізуге рұқсат жоқ.

"Облыстың өзі "қызыл" аймақта, ал ауылдық округ "жасыл" аймақта болса, бәрібір ондай жердің мешіттерінде жұма намазын да, бес уақыт намазды да өткізуге болмайды. Өйткені аймақтың өзі "қызыл" аймаққа кіріп тұр. Демек, ауыл мешіттерінде жұма намазын өткізу үшін сол ауылдың өзі де, облыс та "жасыл" аймақта болуы керек. Ауыл мешітіне сиятын адамдардың 25 процентін ғана кіргізуге болады", - деді Байтанаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Қазақстанның эпидемиологиялық жағдайына арналған матрицаға сәйкес, 5 ақпанда "жасыл" аймаққа алты облыс және екі республикалық маңызы бар қала кіреді. Олар: Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл мен Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы мен Шымкент қалалары.

Айта кетейік, бас мемлекеттік санитар дәрігер "карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы" қаулысына өзгеріс енгізген болатын. Оған сәйкес, "қызыл" және "сары" аймақтағы діни нысандарда адам жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынады. Ал "жасыл" аймақтағы мешіттерге бес намазға рұқсат етіледі. Бірақ мешіт сыйымдылығының 30 процентінен және адам саны 100-ден аспауы тиіс. Жұма намазы тек ауыл мешіттерінде ғана өтеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды