Қоғам

Тоқаев Наурызды жаңаша атап өтуге қатысты ойын бөлісті

Президент экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Наурыз мейрамында не істеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, "Таза табиғат" жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күні – Наурызды жаңаша атап өту туралы ойымен бөлісті.

"Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы", – деді Тоқаев.

Президент 30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі екенін атап өтті.

Мемлекеттік комиссиясының отырысында Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы "Жасампаздыққа толы жылдар" деп аталатыны хабарланды. Сондықтан жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет.

Тоқаев мерекелеу барысында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш президенттің тарихи рөлі ерекше аталып, Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шараның идеологиялық өзегі болуы шарт екенін атап көрсетті.        

"Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды", – деді Мемлекет басшысы.

Сөзін қорытындылай келе президент үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды.

Сонымен бірге, мемлекетті нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетілетінін, мереке қарсаңында "Қазақстан Республикасының 30 жылдығы" мерейтойлық медалі шығарылатынын айтты.