Қоғам

Тоқаев ЕАЭО-да білім беру жобасын әзірлеуді ұсынды

Мемлекет басшысы ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері қатысқан Digital Almaty форумының ашылуында видеоүндеу жолдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушылары мен қонақтарына жолдаған үндеуінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында білім беру жобасын құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы Қазақстан аумағында мемлекеттік қызметтердің шамамен 93%-і электронды форматқа көшкенін айтты. Өткен жылдың өзінде-ақ, пандемия кезінде 6,5 миллионнан астам азамат цифрлық жүйелер арқылы үкімет көмегін ала алды.

"Жаңа технологиялар және жасанды интеллект саласында мектеп оқушылары мен студенттерге арналған мемлекетаралық білім беру бастамасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын", - деді Тоқаев.

Ол әлем технологиялар мен инновациялар бағытында дамитынын және бұл саладағы бәсекелестік өте жоғары екенін айтты.

"Аналитиктердің бағалауы бойынша, 2021 жылы жасанды интелект, сымсыз жүйелерді дамытуға бағытталған техникалық және бағдарламалық шешімдер нарығы 35%-ке өсіп, 12 миллиард долларды құрайды. Мұндай жағдайда бізге осы саладағы жұмыстарды ортақ үйлестіру қажет болады", - деді президент.

Тоқаев Қазақстанда шешімдер қабылдаудың ақылды экожүйесін құруға негізгі басымдық берілгенін атап өтті. Бұл тәуекелдерді болжау мен алдын алудың шын жұмыс істейтін модельдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта Назарбаев Университетінің базасында жасанды интеллект ұлттық кластері құрылып жатыр.

Бұған дейін президент алдағы бес жылда цифрландыруды дамытуға шамамен 500 миллиард теңге тарту жоспарланғанын айтты.