Өңірлер

"Әйелге ота жасап, қайтып келе жатқан": Шығыс Қазақстандағы трагедияның мән-жайы

Хирургтің артында үш баласы, ал анестезиолог дәрігердің екі баласы қалды. Ал жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі ауыр хәлде облыстық ауруханада жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан көз жұмған екі дәрігер Үржарға операция жасауға барған. Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлады.

Жол апаты 3 ақпанда ақшам уақытында болған. Тас жолдағы бұрқасын мен көктайғақтан артында тіркемесі бар, "ДАФ" маркалы жүк көлігін басқарған 29 жастағы ер адам рөлге ие бола алмай, қарсы беткен шыққан. Осы сәтте дәрігерлердің қызметтік көлігіне соғылыпты.  

"Жүк көлігінің жүргізушісі қолайсыз ауа райы, көктайғақ салдарынан рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Артынша жедел жәрдем көлігімен соқтығысты", - деді ШҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Андрей Ларионов.  

Қайтыс болғандардың бірі – хирург Бейбіт Ғабдуллин. Ол Үржар аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі. Ал екіншісі – анестезиолог Болат Әзілханов. Екеуі Үржарда әйел адамға операция жасап, шұғыл түрде Семей қаласына ауруханаға жеткізген. Кері қайтқанда жол көлік апатына ұшырапты.

Шығыс Қазақстанда дәрігерлер жол апатына түсті – қайтыс болғандар бар

Хирургтің артында үш баласы, ал анестезиолог дәрігердің екі баласы қалды. Ал медициналық көлік жүргізушісі ауыр хәлде облыстық ауруханада жатыр. Аудандық аурухананың бас дәрігері Баубек Әбілқасымов қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады.