НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысы полиция департаменті каратэдан Азия чемпионы 18 жастағы Дәулет Хайролланың өліміне қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицияның мәліметінше, 4 ақпанда бір топ жас таныс қызының туған күнін атап өту үшін Ақтөбенің ескі бөлігінде үй жалдаған.
"Туған күн кешінде жастар арасында жанжал шығып, олардың бірі атыс қаруын қолданып, кісі өлтірді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды", - делінген хабарламада.
Ол кісі өлтіргенін толық мойындап, қылмыс құралын жасырған жерді көрсетті.
Кісі өлтіру фактісі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Ақтөбе қаласындағы уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Ақтөбеде Азия чемпионын өлтіріп кетті
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров Sputnik Қазақстанға Дәулет Хайролланың көз жұмғанын хабарлаған болатын.