Саясат

Қазақстан мен Ресей премьер-министрі кездесті

Мамин мен Мишустин кездесу барысында COVID-19 таралуына жол бермеу шараларына тоқталып, алдағы бірлескен жұмысты сөз етті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан — Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ресей үкіметінің төрағасы  Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Жұма күні Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы мен  Digital Almaty форумы өтеді. 

Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика, көлік-логистика, геология, әскери-техникалық салалардағы әріптестік мәселесін талқылады. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіп кешені, трансшекаралық өзен суын дұрыс пайдалану жайы сөз болды, деп хабарлады Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. COVID-19 таралуына қарсы күрес жөніндегі бірлескен шараларға және екі елдің экономикасы үшін пандемия зардаптарын, оның ішінде экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын дайындау және іске асыру жолымен жоюға ерекше назар аударылды.

Ресей — Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2020 жылы екіжақты тауар айналымы 18 миллиард доллардан асты.