Қоғам

Вакцинадан кейін әлсіздік байқалды – денсаулық сақтау вице-министрі

Вакциналау науқаны басталғалы бері 5 700 медициналық қызметкерге екпе егілді. Қазір вакцинаның теріс әсері жөнінде өңірлерден ақпарат жиналып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцинадан кейінгі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Біз Ерлан Аңсағанұлы (бас мемлекеттік санитар дәрігер – Sputnik) екеуміз вакцина салдырдық. Бірінші күні шамалы әлсіздік байқалды. Әріптестерімнің көбі екпе алғаннан кейін осындай симптом болды деп жатыр. Шектен тыс жағдай болған жоқ", - деді Ғиният онлайн брифингте.

Айтуынша, вакциналау науқаны басталғалы бері 5 700 медициналық қызметкерге екпе егілді. Қазір денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның теріс әсері жөнінде өңірлерден ақпарат жинап жатыр.

1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын салу науқаны басталды.

Дәл сол күні денсаулық сақтау вице-министрі – Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният вакцина салғызды.

Вице-министрлер алдымен дәрігерге қаралды. Ал вакцина алғаннан кейін, 30 минут бойы дәрігерлердің бақылауында болды.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырғаннан кейін маска тақпауға бола ма – вице-министр жауабы 

Ресейде өндірілген Спутник V вакцинасының бірінші партиясы Қазақстанға 31 қаңтарда 22 мың доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аймаққа таратылды.

Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

15 ақпаннан бастап Қарағанды зауытында шығарылған "Спутник V" препараты вакцинация үшін пайдаланыла бастайды. Ал сәуір айынан бастап COVID-19-ға қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасын егу жоспарланып отыр.

Жалпы, жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салу көзделген.