Қоғам

Қоңыров әрбір отбасыға жер телімін таратып беруді талап етті

Бүгінде инфрақұрылымның жоқтығына және жердің тапшылығына сілтеп жатады. Бірақ мәселе онда емес. Бұл бастаманы іске асыру жүйесі жоқ, деді депутат
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Қазақстан халық партиясының депутаттары әрбір отбасыға 20 сотық жерді таратып беруді ұсынды. Фракция осы мәселеге қатысты депутаттық сауалды үкімет басшысына жолдап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Айқын Қоңыровтың айтуынша, әрбір отбасыға 20 сотық жерді тарату арқылы кедейшілік мәселесін шешуге болады. Себебі олар өз үйін салып қана қоймай, жеке шаруашылығын да жүргізе алады.

"Қазақстанда тұрғын-үй бағдарламаларына қыруар қаражат бөлініп тұрады. Дегенмен, орташа деңгейдегі отбасыны баспанамен қамту мақсаты қойылмайды. Иә, үйлер салынады, пайдалануға берілген шаршы метрлер де көбейіп келеді. Алайда халықтың басым бөлігінде тұрғын үй жағдайы жақсармай жатыр. Қарқынды құрылыс әлеуметтік міндеттерді шешпей, инвесторлар мен құрылыс компанияларының баюына ғана жағдай жасап отыр", - деді Қоңыров мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда мәжілісмен бюджеттік үйлердің мәселесін де атап өтті. Арзан баспана салынса да, оның сапасына қатысты дау-дамайлар басылатын емес.

"Өкінішке қарай, қалаларда әрбір адамның 10 сотық жерді алу құқығына қатысты норма жұмыс істеп тұрған жоқ. Оған бір ғана себеп бар. Шын мәнінде, бұл мәселені шешуге ешкім тырысып жатқан да жоқ", - деп атап көрсетті Қоңыров.

Оның ойынша, бүгінде инфрақұрылымның жоқтығына және жердің тапшылығына сілтеп жатады. Бірақ мәселе онда емес. Бұл бастаманы іске асыру жүйесі жоқ. Ол үшін ешкім жауап бермейді.

"Қазақстан халық партиясы үкіметті әрбір адамға өз үйін салуына жағдай жасауға үндейді. Жер телімін беру – бұл аса маңызды міндет. Оған бөлек бір бағдарламаны немесе ұлттық жобаны арнасақ та, артық болмайды. Өз үйің бұл жай баспана ғана емес, ол – қазақстандық отбасының экономикалық қауіпсізідігіне салынған инвестиция, әл-ауқаттың негізі, қосымша кірістің көзі", - дейді Қоңыров.

Әлеуметтік мәртебенің көрсеткіші және демографиялық жағдайды жақсартудың жолы. Сондықтан 20 сотық жерді таратуды кедейшілікпен күрес пен ауқатты қоғамды құру ретінде қарастырған жөн.