НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаттары "пандемия мен дағдарыс жағдайында халық қалаулылары қызметтік пәтерден бас тартқаны жөн бе?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің су жаңа депутаты Айдос Сарым қызметтік пәтерді қажеттілік деп санайды. Себебі ол меншікке берілмейді.
"Қазір өткен шақырылымның депутаттары көшіп, жөндеу жүрді, біз енді қоныс аударып жатырмыз. Дәл солай біз кеткен соң, орнымызға басқалары келіп тұрады. Пәтердің ішінде ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ. Қаласаңыздар, қонаққа келіңіздер, бәрін көрсетеміз", - деді Сарым Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Мәжілісмен қызметтік пәтердің кілтін алған, көшу үшін әйелін күтіп жүр.
Ал Айдос Сарымның әріптесі Жанат Омарбекова қызметтік пәтерде тұрмайтынын айтты.
Оқи отырыңыз: Айдос Сарым жұрттың ашуын келтірген депутаттық төсбелгінің неге қымбат екенін түсіндірді
Халық қалаулысы Ирина Смирнова мәжіліс ғимаратына жақын орналасқан тұрғын үйді депутаттардың жатақханасы деп санайды.
"Менің ойымша, біз ешқандай ерекше талап қойып отырған жоқпыз. Мен үшін бұл пәтерлер жатақхананы білдіреді. Пәтер іші қарапайым жиһаздармен жайғастырылған, ертең біз көшкен кезде, ол келесі депутатқа қалады", - дейді Смирнова.
Депутат қызметтік пәтерде тегін тұрмайтынын айтты.
"Айтпақшы, біз "квартплата" төлейміз. Төлемейді деп жатады ғой. Төлейміз. Мысалы, мен айына 25 мың теңге төлеймін. Жалпы, пандемия жағдайында депутаттардың жатақханада тұруы, менің пікірімше, қалыпты жағдай", - деді мәжілісмен.
Смирнованың топшылауынша, депутаттардың шамамен 70 пайызы қызметтік пәтерде тұрады. Пәтерді, негізінен, басқа өңірден көшіп келгендер алады.
Айта кетсек, Парламент депутаттарына Нұр-Сұлтанның сол жағалауындағы "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен қызметтік пәтер беріледі.
26 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға арналған қызметтік автокөліктердің санын барынша азайтуды тапсырған еді.