Әлем

Захарова Батыс санкциялар енгізуге әркез себеп табатынын мәлімдеді

Мәскеу соты "Ив Роше" ісі бойынша Навальныйға қатысты шартты мерзімнің күшін жойып, оны 3,5 жыл мерзімге ортақ режимдегі түрмеге жабу туралы шешім шығарды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Алексей Навальныйдың ісіне байланысты Батыстың антиресейлік санкциялар енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдіре отырып, мұндай қадамдар үшін бұл мемлекеттерге себептің қажеті жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.

"Олар мәселенің мән-жайына бас қатырмайтыны анық. Оларға кез келген себеп керек. Себеп бар болса, оны жердің түбінен болса да табады, жоқ болса – ойдан құрастырады. Бұл 2020 жылы, 2016 жылы, 2011 жылы болған әдіс. Тежеуге талпынған бұл саясаттың жалғасып жатқанына көп болды. Олардың түрлі себепті қолданып жатқанын көріп те жүрміз. Ол үшін мәселенің мән-жайын біліп, ақиқатты анықтап, тексеру жүргізу қажет емес", - деді дипломат.

Сейсенбі күні Мәскеу соты "Ив Роше" ісі бойынша Навальныйға қатысты шартты мерзімнің күшін жойып, оны 3,5 жыл мерзімге ортақ режимдегі түрмеге жабу туралы шешім шығарды. Бұдан кейін АҚШ, Германия, Франция және Ұлыбританияны қоса алғанда, көптеген ел Ресей билігіне Навальныйды босату туралы үндеу тастады.

Бұған дейін СІМ Навальныйға қатысты жағдай бойынша пікір білдірген шетелдік саясаткерлерге халықаралық құқықты сыйлап, өз елдерінің проблемаларымен айналысуға кеңес берді. Ведомство басшысы Сергей Лавров батыс саясаткерлерінің осы мәселе бойынша мәлімдемелері бір-бірінен көшіріп алғандай екенін атап өтті. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Навальный туралы шетелдік мәлімдемелерге құлақ аспайтынын айтты.

Оқи отырыңыз: Путин зәулім сарай туралы сұраққа жауап берді

Сот Федералдық жазаны атқару қызметінің Навальныйдың шартты жаза мерзімін нақты мерзімге ауыстыру туралы ұсынысын үшінші рет қарастырып жатыр. Сот бұл ұсынысты әркез кері қайтарып, сынақ мерзімін ұзарта берді. Бірақ ФЖАҚ мәліметі бойынша, соңғы үш жылдың ішінде Навальный қылмыстық-атқару инспекциясына тиісті мерзімде бармай, кемінде 60 рет белгіленбеген және көптеген әкімшілік жаза бойынша жауапқа тартылған. Заң бойынша бұл фактілердің әрқайсысы және барлығы бірігіп сотталушының жаза мерзімін шартты түрде өтеу жеңілдігінің күшін жоя алады. Жалпы, бұл шара Ресейде жиі қолданылады. Өткен жылы 11,3 мың адамның, 2019 жылы 15 мыңнан астам азаматтың шартты жаза мерзімі нақты мерзімге ауыстырылған.

Навальныйды саяси қызметіне байланысты қудалап жатқаны туралы пікірді Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты жоққа шығарды: Старсбург "Ив Роше" ісінде саяси астар бар екенін растамады. Бірақ, үй қамақта болуына байланысты өтемақы төлеу туралы үкім шығарып, Ресей билігі оны толық көлемде өтеді.