Экономика

"Бір жылда 5 диплом": Нығматулин жаңа министрге шүйлікті

Жергілікті биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге арналған өзгерістерге сәйкес, "бюджет есебінен мәслихат депутаттарын даярлау, қайта даярлау және кәсіби біліктілігін арттыру" қарастырылып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевке шүйлікті. Спикерге жаңа заң жобасындағы мәслихат депутаттарын даярлау және қайта даярлау нормасы ұнамай қалды. Оған бюджеттен біраз қаржы бөлу қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жергілікті биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге арналған өзгерістерге сәйкес, "бюджет есебінен мәслихат депутаттарын даярлау, қайта даярлау және кәсіби біліктілігін арттыру" қарастырылып отыр. Осы мақсатта 647 миллион теңге бөлінеді деген жоспар бар. Бірақ дәл осы норманы іске асыру тетігі жазылмаған. Депутаттар "даярлау" мен "қайта даярлауды" алып тастап, тек "кәсіби біліктілікті арттыру" нормасын ғана қалдыру қажет деп санайды. Ал мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасына "даярлау" мен "қайта даярлауды" не үшін енгізілгенін сұрады.

"Жалпы, "даярлау" мен "қайта даярлау" дегенді не үшін жаздыңыздар? Жарайды, "мәслихат депутаттарының кәсіби біліктілігін арттыру" деген түсінікті нәрсе. Ал "даярлау" мен "қайта даярлау" деген қалай? Сіздер оларға жаңадан диплом берейін деп пе едіңіз? 647 миллион теңгені де береміз деп отырсыздар", - деді Нығматулин.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, даярлау және қайта даярлау "мәслихат депутаттарының дағдыларын жетілдіру, оқыту және белгілі бір академиялық бағдарламадан өткізуді" көздейді. Артынан диплом беріледі деген жоспар бар. Оны естіген Нығматулин ашуланды.    

"Бұл жастардың жақсы көретін әдеті, бір жылда бес дипломды алып, жүре береді. Енді, оны осы заң жобасына да жазып қойыпты. Жай көшіре салған ғой. Енді өздері де не істегенін түсінбей отыр", - дейді Нығматулин.

Осы орайда спикер "кәсіби біліктілікті арттыруды" да дұрыс ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Әйтпесе, бүгінде депутаттарды бір шипажайда жинайды да, сол жерге бір-екі лектор шақырады. Сөйтіп, "кәсіби біліктілікті арттырдық" деп санайды. Ондайға жол бермеу керек.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев депутаттардың ұсынысын қолдаймын деді. Оның айтуынша, кәсіби біліктілікті арттыру курстары мемлекеттік басқару академиясының бөлімшелерінде ұйымдастырылады. Ол үшін 40 сағаттан тұратын академиялық бағдарлама әзірленеді. 

Айта кетейік, мәжіліс сайлауынан кейін үкіметтің құрамы жаңарды. Ал ұлттық экономика министрі қызметіне Әсет Ерғалиев келді. Ол - үкімет мүшелерінің арасындағы ең жас министр. Жасы – 34-те. Ерғалиев Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институты бітірген. Сондай-ақ, Швецияның Халықаралық бизнес мектебінде, Йорк университетінде және Ноттингем университетінде оқып, диплом алған.