НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Спутник V вакцинасын салдыруды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Міндетті түрде салдырамын. Сіздерге де кеңес беремін", - деді Назарбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Қандай вакцина салдырасыз деген сұраққа:
"Әрине, Спутник. Отандық вакцина әлі тіркелген жоқ қой", - деп жауап берді.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай да Sputnik Қазақстанға COVID-19-ға қарсы вакцина алуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ, ресейлік "Спутник V" немесе қазақстандық QazCovid-IN вакциналарының қайсысын егетінін шешпеген.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтса, әділет министрі Марат Бекетаев дәрігерлердің кеңесіне құлақ асатынын жеткізді.
Коронавирусқа қарсы вакцина
Биыл 1 ақпанда Қазақстанда Спутник V вакцинасын салу басталды. Ақпан айында барлығы 112 мың доза вакцина, ал наурызда 150 мың жеткізіледі. Ал сәуір-маусым аралығында вакцина дозасы ай сайын 600 мың болады.
Сондай-ақ, сәуірден бастап отандық QazCovid-in вакцинасы егіле бастайды. Бастапқыда көлемі 15 мың болса, ай сайын 500 мың дозаға дейін артады.
Екпе, бірінші кезекте, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полицейлер мен әскерилерге салынады.