Қоғам

Азаматтарды вакциналау шығындарын мемлекет көтереді – Тоқаев

"Спутник V" вакцинасының алғашқы партиясы Қазақстанға 31 қаңтарда жеткізілді. Мемлекет басшысы вакцина пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинацияның басталуына қатысты пікір білдірді. 

"1 ақпан күні Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды. Біз індетке қарсы әлемдік тәжірибені қолданып отырмыз. Азаматтарды вакциналау шығындарының барлығын мемлекет көтереді", - деп жазды ол Twitter парақшасында.

Мемлекет басшысы вакцина пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы екенін атап өтті.

"Вакцина салуға денсаулығы жарамайтын азаматтардан басқалары, жаппай пандемия жағдайында екпенің аса маңызды және қажетті екенін түсінеді деп ойлаймын", - деді президент.

Ресейлік "Спутник V" вакцинасының алғашқы партиясы Қазақстанға 31 қаңтарда жеткізілді. Көлемі - 22 мың доза, ол барша өңірге үлестіріледі.

COVID-19 вакцинасы

Бірінші кезеңде қалада инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, жансақтау бөлімі қызметкерлері вакцина алады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда бірінші ақпанда халықты ерікті түрде вакцинация салдыру науқаны басталды. Вакцинация ерікті түрде жасалады.

Сәуірден бастап отандық QazCovid-in вакцинасы егіле бастайды. Бастапқыда көлемі 15 мың болса, ай сайын 500 мың доза дейін артады.