Қоғам

Келімбетов биыл халық санағы қалай жүргізілетінін түсіндірді

Халық санағын жүргізу шараларын іске асыру мақсатында арнайы комиссия құрылады. Оның алғашқы отырысын 10 ақпанда өткізу ұсынылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Биыл Қазақстанда халық санағы өтеді. Санақ екі жолмен – онлайн және үйді-үйді аралау арқылы жүргізіледі. Бұл туралы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Президент жанындағы реформа жөніндегі жоғары кеңестің шешіміне сәйкес, халық санағы биыл өткізіледі. Халық санағының жаңашылдығы –заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру", - деді Келімбетов үкімет отырысында.

Айтуынша, азаматтар туралы деректер екі жолмен жиналады.

  • Бірінші әдіс – арнайы sanaq.gov.kz сайтында интернет сауалнама жүргізу арқылы. Ол респондентке вирутал көмекшінің көмегімен өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақшаларын толтыруға мүмкіндік береді.
  • Екіншісі – санитарлық нормаларды сақтай отырып үй-үйді аралау. Дәстүрлі формат онлайн режимде санаққа қатыспаған тұрғындар үшін қолданылады.

"Бұл шараларды қазан айында өткізу жоспарланып отыр. Халық санағын жүргізетін қызметкерлер үй-үйді аралау кезінде электронды планшет пайдаланады. Кейін барлық техника сол өңірдегі мектептерге беріледі. Үй-үйді аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі"", - деді агенттік төрағасы.

Келімбетовтің айтуынша, халық санағын жүргізу шараларын іске асыру мақсатында арнайы комиссия құрылады. Оған премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов төрағалық етеді. Арнайы комиссияның алғашқы отырысын 10 ақпанда өткізу ұсынылды.