Ресей мен Түркияның Қарабақты бақылауы қандай нәтиже береді

Оңтүстік Кавказдағы жағдай әскери-саяси шиеленістің сақталуымен, милитаризацияға, ұлттық әскерді қайта қаруландыруға және сыртқы әскери күштерді тартуға негізделген тұрақтылыққа қарама-қайшы ұмтылыспен сипатталады
Sputnik

Ресей мен Түркияның Әзербайжанның Агдам ауданындағы бірлескен мониторинг орталығы аймақтық тұрақтылықты нығайту үшін құрылғанымен ымыраға негізделген бейбітшілік әлі де тұрақсыз.

Таулы Қарабақ мектептері қазір қандай күйде – видео
2020 жылдың 11 қарашасында Ресей мен Түркияның қорғаныс ведомстволарының басшылары қол қойған меморандумға сәйкес, Қарабақтағы бітімге мониторинг жүргізу бойынша ресейлік-түркиялық орталық сенбі күні Әзербайжанның Агдам ауданында жұмысын бастады. Әзербайжан мен Ресей президенті Ильхам Әлиев мен Владимир Путин 30 қаңтарда телефон арқылы сөйлескенде, бұл орталық "аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет ететініне" сенім білдірді.

Бұған дейін Режеп Тайып Ердоған Түркияның Таулы Қарабақтағы тұрақтылықты ұстап тұруға қомақты үлес қосатынын айтқан болатын. Әзербайжан мен Түркияның қорғаныс министрлері Закир Гасанов пен Хулуси Акар 29 қаңтарда "екі мемлекеттің бір ұлты" тұжырымдамасы аясында өзара әрекеттесудің келешегі зор деп бағалады.

Ресй Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев түріктердің Оңтүстік Кавказда болуын түсіндіре отырып: "Түркия – біздің көршіміз және маңызды серіктесіміз. Ол Әзербайжан үшін өте жақын ел. Бұл факторды ескермеуге болмайды", – деді.

Таулы Қарабақтағы жағдайды бақылау бойынша бірлескен орыс-түрік орталығы аймақтағы ұзақ мерзімді саясаттың емес, жалпы тұрақтандырудың элементі болып табылады.

Қалай болғанда да, бірлескен орталықтың штаб-пәтері тепе-теңдік негізінде құрылды. Мұнда әр тарап өкілдерінің саны тең дәрежеде. Анкараның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта орталықта түріктерден 39 әскери қызметші жұмыс істеп жатыр. Генерал-майор Виктор Федоренко ресейлік мамандарға, ал түріктерге генерал-майор Абдулла Гатырчы жетекшілік етуде. Орталық атысты тоқтату режимінің сақталуы және келісімдердің бұзылуы туралы ақпаратты жинақтайды, тексереді және қорытындылайды. Бақылау ұшқышсыз ұшу аппараттарын және басқа да техникалық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады.

Қарабақ жасақтары Әзербайжанға өткен аудандардан шығарылып жатыр
БАҚ мәліметі бойынша, бастапқыда орталықты Гянджа немесе Бардада орналастыру талқыланған. Бірақ түріктер бұл аудандардың Ресейдің бітімгершілік операциясы аймағынан алыс орналасуына наразылық білдірген. Ресей Федерациясының өкілдері Таулы Қарабақ аумағында түрік бітімгершілік күштері қатыспайтын бірлескен орталық құруға қарсы болды. Қызу талқылаулардан кейін қос тарап та Әзербайжанның Агдам ауданындағы Марзили ауылына тоқтады.

Орталықтың орналасқан жері тараптардың түйісу желісінен 8 шақырым қашықтықта, мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының (ТҚР) астанасы – Степанокерттен (Ханкенди) түзу жолмен 30 километр, ал автожол бойымен 41 километр қашықтықта орналасқан. Марзили аулы 1990 жылдардың ортасынан бері өткен жылдың күзіне дейін ТҚР билігінің бақылауында болды. Атысты тоқтату туралы үшжақты келісімге сәйкес, Агдам ауданы мен басқа төрт ауданның аумағын Әзербайжанға берді.

Орыс-түрік орталығының қызметтік және тұрмыстық бөлмелері модульдік принцип бойынша ашық алаңда салынған және жұмыс жүргізу және демалу үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Нысанның шамамен төрт гектар болатын аумағын Әзербайжан әскері күзетеді. Тараптардың келісімі бойынша бірлескен орталықтағы түрік әскерилері патрульдеуге шықпайды.

Нысанның ашылу салтанатында Әзербайжанның қорғаныс министрі Закир Гасанов Ресей мен Түркия әскери қызметшілері арасында жақсы қарым-қатынас орнайтынына сенім білдірді. Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин әскери қызметшілерге сәттілік тіледі.

Әзербайжанның көпбағыттылығы мен Қарабақтағы жағдай аясында орыс пен түріктердің мәжбүрлі түрде өзара әрекеттестігі қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Әзірше, бірлескен орталық мамандарының міндеттері мен құзыреттерін бөлу туралы айту қиын. Сирияның солтүстігінде пысықталған өзара ымыралар алгоритмі Оңтүстік Кавказда көзделген нәтиже бермеуі мүмкін.

Ресей-Түркия бірлескен орталығының орналасқан орны мен алдындағы міндеттері барлық қажетті техникалық бақылау құралдарымен қамтылған және бақылауға арналған 27 посты бар ресейлік бітімгершілік топтың баламасы. Орталықты ашу Әзербайжанда Түркияның әскери қатысуы артқанын білдіреді.

Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді?
30 қаңтарда Әзербайжанның қорғаныс министрі Закир Гасанов Түркия Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары Юнус Эмре Қараосманоғлымен кездескенде Түркиямен әскери ынтымақтастықты сәтті дамыту және нығайту мәселелерін талқылады. Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы күш-жігерді біріктіру және бірлескен жаттығулар өткізу қажеттілігін атап өтті.

Түрік бөлімшелерінің Әзербайжандағы оқу-жаттығуларға тұрақты қатысуы көршілерді алаңдатып отыр. Себебі, Түркия НАТО-ға мүше. Сол күні Закир Хасанов Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың барлық салаларда, соның ішінде әскери және әскери-техникалық саладағы қарқынды дамуын дипломатиялық түрде атап өткенімен, көңілде күдік қалды.

Түркия Қорғаныс министрінің орынбасары Юнус Эмре Қараосманоғлы бірлескен орталықтың ашылу салтанатында мекеменің міндеттерін нақтылап атады: "Оқ атуды тоқтату режимін бақылау, атысты тоқтату режимін бұзу жағдайларын тіркеу, бұл заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша шаралар қабылдау".

Түркияның әскери қолбасшысы Қарабақтағы күдікті нысандарға Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасауды меңзеп тұр ма? Мысалы, Сирияда түрік серіктестер өз әрекеттері мен ниеттері жайлы ресейлік тарапқа айта бермейді.

Агдам ауданындағы ресейлік-түркиялық орталық өңірлік тұрақтылықтың қосымша кепілі болуы мүмкін. Сол сияқты, түрік әскерінің Әзербайжанда тұрақты болуын және НАТО-ның одан арғы экспансиясына негіз болуы да ғажап емес. Сондықтан, Түркияның Таулы Қарабақтағы міндеті мен мақсаттарына ашық баға беру керек.