Қоғам

"Көзге көрінбейді": Айдос Сарым парламентке келіп нені түсінгенін айтты

Қазақстан өзінің тарихында өте қызық және күрделі кезеңге келді, бұл - реформалық заңдардың уақыты, дейді депутат
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Биыл мәжіліске сайланған депутаттардың ішінде саясаттанушы Айдос Сарым да бар. Сарапшы бұрыннан бері біраз мәселелерді көтеріп келеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі де болды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген депутат жаңа қызметте қандай мәселелермен айналысатынын айтып берді.

Маңызды заңдар аз емес

"Біріншіден, өткен жылдан бері ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген, әлі парламентте жатқан алты-жеті заңымыз бар. Соны аяғына дейін жеткізу керек. Негізгі құжаттардың ішінде қоғамдық бақылау туралы заңды атап өтуге болады. Ол жалпы қоғамның әлеуетін арттырады. Себебі билікке және тағы басқасына араласу мәселелерін қамтиды. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік компаниялардың тендерлік комиссияларына қоғам өкілдерін тартуға қатысты өзгерістер бар. Екіншіден, әлеуметтік-мәдени комитетке мүше болып жатырмыз. Оның ішінде бүкіл мәселе бар", - деді Сарым Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында президент саяси реформалардың екінші пакетін жариялайды. Соның ішінде біраз заңдар бар.

"Мемлекет башысы сессияның ашылуында шет жағасын айтып өтті. Сол заңдарға бас-көз болуымыз керек. Мысалы, ауыл әкімдерін сайлау туралы өзгеріс бар. Ол үшін сайлау, өзін-өзі басқару және тағы басқа заңдарға өзгеріс енгізу керек. Сонда ғана ол өз күшіне енеді. Сосын үлкен құжаттардың бірі – Қазақстандағы әлеуметтік кодекс. Біз қазір еңбек министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Өте үлкен құжат болады. Ол  әр азаматтың қоғам алдындағы міндеттемелерін айқындайды әрі бір ізге түсіреді. Әлеуметтік қызметті дамыту мәселелері де қамтылған", - деп атап көрсетті Сарым.

Биыл ауыл әкімдерін сайлауымыз мүмкін 

Депутаттың сөзіне қарағанда, ауыл әкімдерін сайлауға қатысты заңнамалық өзгерістер биыл қабылданады. Сайлау да осы жылы өтуі мүмкін. 

"Қазір заңнаманы әзірлеу жағы аяқталып қалды. Сосын парламентке түседі. Президенттің тапсырмасы болғанннан кейін біз оны тездетіп өткізуге тырысамыз. Ауыл әкімдерін сайлау биыл өтеді деген әңгіме бар. Бұдан жақсы нәтиже шықса, президент айтқандай аудан әкімдерін сайлауға көшеміз", - деді Сарым.

Осы орайда мәжілісмен аудан әкімдерінен кейін облыс пен қала әкімдерін сайлауға қатысты өз ойын айтты.

"Енді, өз басым, бәлкім, алдағы 5-6 жылда облыс әкімдерін сайлау әлі ерте шығар деп ойлаймын. Бірақ есесіне Алматы, Шымкент пен астанада әкімдерді сайлауға болады. Бәлкім, оларға бөлек тәртіп керек. Өйткені әрбір қала бойынша бөлек заң бар. Сол заңнамасына өзгеріс енгізілсе, ондай қалада сайлау өткізуге болады. Сосын сыртқы мәселе бар, солтүстіктегі ағайын бар, басқасын ескеретін болсақ, бір жағынан халықтың өз әкімін сайлауға үйреніп алғаны дұрыс. Оған кешенді түрде жетуіміз ықтимал. Бұл кейбір адамдар ойлағандай екі күнде болатын шаруа емес. Бірақ 5-10 жылдың ішінде осы саяси реформаларды жүйелі түрде жасауға болады", - дейді Сарым.

Бос шелектің дауысы-ай даңғыраған...

Сайлаудан кейін әлеуметтік желіде саясаттанушының билік партиясының атынан мәжіліске өтуіне қатысты сан алуан пікірлер жазылды. Айдос Сарым осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. 

"Ол адамдарға ештеңе айтқым келмейді. Әрбір адам өз арының алдында жауап береді. Басты мәселе – ол жұмыс. Ал жұмыстың нәтижесі бір күнде көрінбейді. Әсіресе, парламентте. Оны өзім келіп, көргеннен кейін түсініп отырмын. Бұл – көзге көрінбейтін ішкі жұмыс", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, бір заңды қабылдау үшін біраз жұмыс жасалады. Барлық құжат алдымен фракцияларда және комитеттерде талқыланады. Содан кейін ғана шешім қабылданады. Бұның барлығы қоғамға көрінбейді.

"Негізі, Қазақстан өзінің тарихында өте қызық және күрделі кезеңге келді. Бұл - реформалық заңдардың кезі. Иә, сыртта жүріп, сын айтуға болады. Сыртта жүріп, пікір айтуға болады. Бірақ айналып келгенде ішіне кіріп, жұмыс істегеннен артық жұмыс жоқ. Ең басты мәселе осы. "Әрбір үрген итке тас лақтыру үшін тоқтай беретін болсаңыз, ешқашан діттеген орныңызға жетпейсіз" деген сөз бар ғой. Бұл да сол сияқты. Бос шелектің дауысы кішкене қаттырақ шығады ғой...", - деп түйіндеді сөзін Айдос Сарым.

Оқи отырыңыз: Айдос Сарым жұрттың ашуын келтірген депутаттық төсбелгінің неге қымбат екенін түсіндірді