Экономика

Қазақстанның ең үздік стартап жобасына 140 миллионға дейін қаражат беріледі

Жеңімпаздың жобаны коммерциялық іске қосуға жұмсаған шығындарының 90% өтеледі.  Өтінім қабылдау 2021 жылдың 12 ақпанына дейін жалғасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан — Sputnik. Қазақстанда инновациялық гранттарға стартап-жобалардың өтінімін қабылдау басталды, деп хабарлады цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

Конкурс ережесі бойынша, алғашқы кезеңдерде ондаған жоба 10 миллион теңгеден, ал бір стартапты масштабтауға 140 миллион теңгеге дейін алады.

Биыл конкурс ережесі қайта қарастырылды. Бұған дейін ұсынылған грант жобаны коммерциялық іске қосуға жұмсалған шығындардың 50%-ін ғана өтесе, қазір бұл көрсеткіш шегі 90% шамасында тұр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға сыйақы беріледі: министрлік не істеу керектігін хабарлады 

Грант алушылар грант қаражатын игергеннен кейін үш жыл ішінде жобаның жалпы сомасының кемінде 10% көлемінде ортақ қаржыландыруды тарту керек. Бұл ретте сату көлемі инновациялық грант сомасының кемінде 10%-ін құрауы тиіс.

"Егер бұған дейін грантты ірі компаниялар жеңіп алуы ықтимал болса, бүгінгі күні ережеге сәйкес бізде инновациялық технология және коммерциялық әлеуеті бар өнім шығаратын ШОБ компанияларының қатысуына да рұқсат берілді", - деп жазды цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook-тегі аккаунтында.

QazInnovations сайтында өтінім қабылдау 2021 жылдың 12 ақпанына дейін жалғасады.

Мусин атап өткендей, жоба жеңімпаздарын іріктеуді ТФ немесе Youtube-шоу форматында ауқымды етіп өткізу жоспарлануда.

Коммерцияландыру және инвестициялау тәжірибесі бар отандық тәуелсіз сарапшылар кеңесі жеңімпаздарды анықтайды және жобаға жетекшілік етеді.