Өңірлер

Шымкент көшелерінің біріне Тоқаевтың әкесінің есімі берілмеген болып шықты

Мемлекет басшысы 2019 жылы Шымкентке барған кезде қаладағы көшелердің біріне Тоқаев есімі берілгенін көрген еді
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Шымкент қаласының ең көне көшелерінің біріне Тоқаев есімі берілген. Алайда бұл көше президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевқа емес, татар ақыны құрметіне берілгені анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін қаладағы ұзындығы жарты шақырымнан асатын көше мемлекет басшысының әкесі – белгілі жазушы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың атымен аталғаны хабарланған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскеннен кейін жұмыс сапарын оңтүстік өңірден бастады. 2019 жылы наурызда Шымкентке барған кезде қаладағы көшелердің біріне Тоқаев есімі берілгенін көрген еді. Артынша көшенің қай уақыттан бері бұлай аталатынына қызығушылық танытты. Ал жергілікті билік өкілдері оның бұрыннан бар көше екенін, бірақ нақты кімнің атына берілгенін айта алмады.

Шымкент көшелерінің біріне Тоқаевтың әкесінің есімі берілмеген болып шықты

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының мәлімдеуінше, бұл көшеге Кемел Тоқаевтың емес, татар әдебиетінің негізін қалаушы Ғабдолла Тоқайов есімі берілген.

Ғабдолла Тоқай деген кім

Татар халқының ақыны, 1886-1913 жылдары өмір сүрген Ғабдолла Тоқайов татар әдебиетінің негізін қалаушы ретінде белгілі. Оның шын есімі – Ғабдолла Тоқай.

Ол жастайынан жетім қалып, Қазан қаласынан Орал қаласына қоныс аударған. Сол жақта білім алып, алғашқы шығармаларын жазады. Ол өлеңмен қатар аударма жасау ісімен де дендеп айналысқан.

"Екі елдің ынтымақтастығын жандандыру үшін Шымкент қаласында көше атауы берілген. Көше тақтайшасын ілу барысында орыс транскрипциясында Кабдолла Токаев деп жазылуы мүмкін", - деді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова.

Архивтік құжаттар бойынша бұл көше 1938 жылы Шымкент қалалық кеңесі төралқасы отырысының "Шымкент қаласы бойынша көше комитеттерін ұйымдастыру туралы" қаулысында Тоқаев көшесі деп аталғаны және қала картасына енгізілгені анықталып отыр.

Тоқаев көшесі туралы не белгілі

Ұзындығы 600 метр көше Шымкенттің ең көне көшелерінің бірі саналады. Атауы да қаладағы Түркістан көшесі сияқты ертеректе берілген.

Бұл көшеде Қаратау аудандық соты, Шымкент қалалық тергеу соты, Восход фабрикасы, Энергопоток мекемелері мен құрылыс сауда орталықтары орналасқан.

Шымкент көшелерінің біріне Тоқаевтың әкесінің есімі берілмеген болып шықты

2019 жылы көшенің жөндеу жұмыстарын қажет ететіні хабарланды. Басқарма мамандарының айтуынша, Тоқаев көшесі 2010 жылы орташа жөндеуден өткен және қазір көлік қозғалысына жарамды.

Қала билігі көше атауын өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Шымкент көшелерінің біріне Тоқаевтың әкесінің есімі берілмеген болып шықты