НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Павлодарлық өрт сөндірушілер бықсыған қоқыс салдарынан қаладағы қонақ үйлердің бірінен 186 адамды қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Жексенбі 31 қаңтар күні сағат 21:03 шамасында "101" жедел желісіне "Сары-Арқа" қонақ үйінен өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері оқиға орнына шұғыл жетіп, 11 қабатты қонақ үй ғимаратының бірінші қабатында 10 шаршы метр аумақта қоқыс жанғанын анықтады.
Сағат 21:23-те өрт ауыздықталып, он минуттан соң толық сөндірілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Esentay Mall орталығынан адамдар шұғыл эвакуацияланды
Қонақ үй адамдар көп шоғырланған орын саналатындықтан, өрт сөндірушілердің көмегімен баспалдақ арқылы 186 адам эвакуацияланды. Оның ішінде жеті бала бар. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Оқиға орнында 40 өрт сөндіруші және 10 бірлік техника жұмыс істеді. Өрт салдарынан ешқандай шығын келмеген.