Қоғам

Министрлік вакцинаның жағымсыз әсері үшін кім жауап беретінін айтты

Бүгін бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Коронавирусқа қарсы вакцинаның жағымыз әсері болса, әрбір жағдай жеке дара тексеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Вакцинацияның әрбір кезеңінде өндірушіден бастап емдеу мекемелеріне дейін жауапкершілік ортақ, барлығына бірдей болады. Әрине, денсаулық сақтау министрлігі әрбір жағдайды жеке дара қарастырып тексереді. Ол үшін өңірлік, қалалық денсаулық басқармалары жанынан арнайы комиссия құрылады", - деді Қиясов.
Министрлік вакцинаның жағымсыз әсері үшін кім жауап беретінін айтты

Айта кетейік, ресейлік "Спутник V" вакцинасын егу шаралары екі кезеңнен тұрады. Алдымен бірінші компоненті салынады. Ал 21 күннен кейін екінші компоненті егіледі. Бүгін бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният  ресейлік вакцинаның алғашқы компонентін салғызды. Екеуі дәрігердің қарауынан өтті. Одан кейін вакцинаны өз еркімен салдыртқаны туралы келісімге қол қойды. Жарты сағаттан кейін екеуін босатты. Бірақ 21 күннен кейін олар қайта келіп, вакцинаның екінші компонетін алуы керек.

Оқи отырыңыз: Карантинді толығымен қай кезде алып тастайды - бас санитар дәрігер жауап берді

"Мысалы, маған осындай жадынама берді. Онда 22 ақпанда келесі вакцинаны алу туралы жазылған. Бұдан бөлек, үш тәулікке дейін қандай әсері болады, сондай-ақ, дәрігердің телефон нөмірі жазылған. Екпе алған әрбір адамға жадынама беріледі. Сосын ол үш күн бойы дәрігерлердің қарауында болады. Мамандар оның үйіне немесе жұмысына телефон шалып, жағдайын біліп отырады. Мен өзім қазір бірден жұмысқа барамын", - дейді вице-министрі Ғиният.

Министрлік вакцинаның жағымсыз әсері үшін кім жауап беретінін айтты

Қазақстанда жаппай вакцинация басталды

Қазақстанда 1 ақпанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Вакцина инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен салынады. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, педагогтар, құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, созылмалы ауруы бар адамдар бар. Екпе тегін және ерікті түрде егіледі.

15 ақпаннан бастап Қарағанды ​​зауытында шығарылған "Спутник V" препараты вакцинация үшін пайдаланыла бастайды. Ал сәуір айынан бастап COVID-19-ға қарсы QazCovid-in қазақстандық вакцинасын егу жоспарланып отыр.

Жалпы, жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салу көзделген.