НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. 1200 доза "Гам-КОВИД-Вак" (Sputnik V) препараты Павлодар қаласындағы облыстық аурухананың қоймасына жеткізілді, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратуы бойынша Павлодар облысына COVID-19-қа қарсы 80 000 доза вакцина бөлінген.
"Препараттың алғашқы партиясы – 1200 доза облыс орталығына 31 қаңтарда жеткізіліп, аумағы 2,2 текше метрді құрайтын мұздатқыш қондырғылармен жабдықталған Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың қоймасына сақтауға қойылды", – деді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Теміргалиева.
Жақын күндері қоймаға көлемі 1,2 текше метр болатын тағы үш арнайы тоңазытқыш камерасы орнатылады. Қажет болса, медицина қызметкерлері 0,48 текше метрлік мұздатқыш қондырғы орнатылған облыстық қан орталығының қоймасы пайдаланылады.
Ал жергілікті вакцинация үшін Павлодар облысының қалалары мен аудандарының 31 емханасына дәрі-дәрмектер арнайы контейнерлермен жеткізіледі.
Өңір бойынша алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек ұйымдарының базасында 107 вакцинация бөлмесінде вакцинация жасалады.
Сапалы егу науқанын өткізу үшін 1 125 медицина қызметкер арнайы біліктілікті жетілдіру курсынан өтті. Вакцинация ерікті түрде жасалады.
Алматыға қанша доза бөлінді
Вакцина Нұр-Сұлтаннан рейспен жергілікті уақыт бойынша кеше 20.30-да жеткізілді.
Препараттың алғашқы партиясы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасына жіберілді.
Салқындатылған жүк көлігіндегі препарат, хаттамада көрсетілген тасымалдау шараларын сақтай отырып, -18 С температураға төзетін мұз пакеттері бар контейнерлермен №7 қалалық клиникалық аурухананың қоймасына жеткізілді. Вакциналар вакцинация аясында белгіленген медициналық ұйымдар арасында бөлінді.
Оқи отырыңыз: "Шешім қабылдаған жоқпын": министрлер мен депутаттар қандай вакцина салдыратынын айтты
Айта кетейік, Алматыда профилактикалық егулердің стандартты жұмыс тәртібі бекітіліп, вакцинация пункттерінің дайындығы тексерілді.