НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша "қызыл" аймақтан шықты. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлады.
Сондай-ақ, Атырау облысы "қызылдан" "сары" аймаққа енді.
Шығыс Қазақстан облысы қауіпті емес "жасыл" аймақтан "сарыға" ауысты.
2021 жылдың 30 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы:
- "қызыл" аймақта – Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары;
- "сары" аймақта – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары;
- "жасыл" аймақта – қалған барлық өңір.
Қазақстан Республикасы тұтастай алғанда әлі "қызыл" аймақта тұр.
Бұған дейін Павлодар облысында коронавирус инфекциясына қатысты жағдайдың нашарлауына байланысты төрт ауданда санитарлық бекет қойылатыны хабарланған болатын.