НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тележүргізуші Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында "Жоғары оқу орындарын жабуға кедергі келтіріп жатқандардың аты-жөнін атай аласыз ба?" деген сұраққа жауап берді.
"Ол бостан-босқа шықпайтын мәселе ғой. БАҚ-ты, әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыз, кімнің не істеп жатқанын, кімнің бізге ақпараттық шабуыл жасап жатқанын түсіну қиын емес. Халық бәрін біліп отыр. Сондықтан қажет болса біз олардың аты-жөнін атаймыз. Қажет болса ғана. Бірақ менің жеке ұстанымым – заңнама шеңберінде түсіндіріп, тиімді жұмыс істеу", - деді министр.
Асхат Аймағамбетов білім министрлігінің ең басты мақсаты университетті жауып тастау емес, білім сапасын көтеру екенін атап өтті.
"Кейбір университеттер жан-жақтан шулап жатыр. Мына оқу орнының 50 жылдық, мына университеттің пәлен жылдық тарихы бар еді дейді. Бірақ шулай бермей, сол университеттердің дипломдарын, бағдарламаларын ашып қараңыздаршы! Сапа болмаса, келеңсіз жағдайлар көбейсе, біз не істейміз, қол қусырып қарап отыра беруіміз керек пе? Жоқ, әрине. Сондықтан балаларды қорғау үшін, білім сапасына нұқсан келтірмеу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүрміз. Осыған көп энергия, көп күш кетіп жатыр. Бірақ мұны біз істемесек, кім істейді?", - деп түйіндеді білім министрі.
Оқи отырыңыз: Министр Аймағамбетов білім саласында тағы бір өзгеріс болатынын айтты
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев сапасыз жоғары оқу орындарын жауып жатқан білім және ғылым министрлігіне ақпараттық шабуыл жасалып жатыр деген болатын.