НҰР-СҰЛТАН, 30 қаңтар – Sputnik. "Эко Маңғыстау" үкіметтік емес ұйымының басшысы Кирилл Осин Ақшұқыр ауылында қаңғыбас иттердің өлексесі көмілмей, шашылып жатқанын айтып, дабыл қақты. Бұл туралы жергілікті "Лада" басылымы хабарлады.
Осин Ақтауда жануарларға арналған алғашқы крематорий 2011 жылы пайда болғаны туралы БАҚ-та жазылғанын еске салды.
"Мына суреттер мен видеолар өте қорқынышты. Бұл жерде қандай да бір пікір жазу қажет емес. Сонда бұл неғылған қорлау әрі не деген бассыздық? 10 жыл бұрын крематорий орнатылған сияқты еді... Содан кейін жылжымалы крематорий де сатып алу жоспарланған. Алайда, іс жүзінде ештеңе, крематорий де, мал қорымы да жоқ", – деп жазды ол Instagram-да.
Осы жағдайға қатысты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
"Жарияланған фотосуреттерден қаңғыбас иттердің өлекселерін ашық аспанға тастаған жер Ақшұқыр ауылындағы "Қошқар-Ата" аумағында орналасқандығы анық. Бұл талаптарға сәйкес келмейді. Иттердің өлекселері өртеліп, жойылады, ал кінәлілер жазаланады. Сонымен қатар, Сайын мен Ақшұқыр кентінің маңында өлекселерді жоятын биотермиялық қазандықтың құрылысы аяқталғанын хабарлаймыз. Алдағы уақытта Ақшұқыр кенті мен 43-шақырым арасындағы аумақ (шұңқыр) толықтай пайдалануға берілетін болады", – делінген хабарламада.
Ал Кирилл Осин болса, аяқталған мал қорымының құрылысы Түпқараған аймағындағы қаңғыбас жануарларға қатысты жағдайды жеңілдетеді, бірақ Ақтаудағы мәселелерді шешпейді деп санайды.
"2020 жылы қаланың №7 индустриалды аймақ аумағында үш биотермиялық немесе Беккари деп аталатын шұңқыр, патологиялық зерттеу бөлмесі мен крематорий және заманауи мал қорымын салудың жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Ақпан айының соңына дейін мемлекеттік сараптама алынады деп күтілуде. Мұнда тек, құрылыс туралы мәселе ғана бар", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Ит өмірден озған иесін 11 жыл бойы жолда күтіп отыр – видео
Эко-белсенді ендігі жерде облыстық мәслихат пен әкімдіктің биыл Ақтауда мал қорымын салуға қаражат табуы маңызды екендігін атап өтті.