Экономика

Бес вице-министр тергеуге алынғаны хабарланды

Бұдан бөлек, бес комитет басшысы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, квазимемлекеттік ұйымдардың бес топ-менеджері тергеуге алынып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өткен жылы жазаға тартылған шенеуніктердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"210 түрлі деңгейдегі басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 722 тұлға сотталды. Олардың ішінде бір облыс әкімі, облыс әкімдерінің төрт орынбасары, екі жауапты хатшы, екі комитет төрағасы, бір елші, бес судья, он аудан және қала әкімі, сондай-ақ, олардың орынбасарлары бар. Қазіргі кезде бес вице-министрге қатысты істер тергеліп жатыр", - деді Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.

Бұдан бөлек, бес комитет басшысы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, квазимемлекеттік ұйымдардың бес топ-менеджері тергеуге алынып отыр.

Айта кетейік, 2018 жылы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев ұсталған болатын. Оларға басқа адамдардың сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп алу немесе ысырап ету бойынша айып тағылды. Екеуі Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазарту кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Бұған дейін қылмыстық іс сотқа жолданған. Бірақ артынан судья оны тергеуге қайтаруға шешім қабылдады.

Ал өткен жылдың соңында қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарала бастады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов бұл мәліметті растамады. Бірақ жоққа шығармай, қазіргі кезде ақпарат жариялауға жатпайды деп қысқа қайырды.