НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Шаңды дауыл өңірдегі бірнеше ғимараттың шатырын жұлып кеткен. Қазіргі кезде жедел құтқару қызметінің өкілдері табиғат құбылысы келтірген зардаптарды қалпына келтірумен айналысып жатыр.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнында түсірілген видеолар жарияланды.
Бір күн бұрын Маңғыстау облысының елді мекендерінде болған шаңды дауыл мен жойқын жел өңірдегі коммуналдық қызметті біршама әбігерге түсірді, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.
Жаңаөзен қаласындағы екпінді жел көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын ұшырып кетті.
"Жойқын жел "Өркен" шағын ауданындағы төрт қабатты тұрғын үйдің жалпы аумағы 70 шаршы метр болатын шатырын ұшырды. 1986 жылы салынған ғимараттың жалпы аумағы – 100 шаршы метрді құрайды", – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров.
Осы секілді оқиға Теңге аулында да тіркелді. Мұнда жел емхана шатырын қиратқан.
"1997 жылы бой көтерген ғимаратқа 2017 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі кезде әкімдік өкілдерімен бірге арнайы комиссия құрылып, олар оқиға орнында болып қайтты" – деп нақтылады Әбдіқадыров.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, төтенше жағдай кезінде ешкім зардап шекпеген.
Сондай-ақ шаңды дауыл салдарынан Жетібай – Шетпе тас жолында бірнеше автомобиль соқтығысты. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жол уақытша жабылды.