Экономика

ЕАЭО елдері интернет-пираттармен қалай күреседі

Министрдің айтуынша, комиссиядағылар әлемдік тәжірибені зерттеп, үкіметке арналған ұсыныстарды әзірледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссиядағылар іздеу кезінде пайда болатын заңсыз контентті бұғаттау ЕАЭО елдері аумағындағы интернет-пираттармен күресудің негізгі әдісі болуы мүмкін. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның министрі Тимур Жақсылықов Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында видеокөпір кезінде айтты.

Министр интернеттегі интеллектуалдық меншік нысандарына арналған құқықты қорғау проблемасы күн санап өзекті болып келе жатқанын атап өтті.

"Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыс тобын құрып, әлемдік тәжірибеге талдау жүргіздік. Бұл проблема барлық елдер үшін айтарлықтай өзекті", – деді Жақсылықов.

Оның айтуынша, комиссиядағылар әлемдік тәжірибені зерттеп, үкіметке арналған ұсыныстарды әзірледі.

"Біздің ойымызша, осы саладағы мақсатқа жетудің негізгі тетігі қолжетімділікті шектеу, яғни сотқа дейінгі және сот тәртібімен заңсыз контентті бұғаттау болуы мүмкін", – деп жалғады министр.

Бұл механизм тиімді жұмыс істеуі үшін бұғатталған ресурстардың есебін тұрақты жүргізіп отыру керек.

"Сонымен қатар, заңсыз контенттің сілтемелерін Яндекс, Рамблер секілді іздеу жүйесінен жою бойынша рәсімдер енгізу де аса қажет болап отыр. Бұл әлемдік тәжірибе. Бұл тәжірибе Еуроодақта да, АҚШ-та да қолданылады", – деді Жақсылықов.

Заңсыз контенке қарсы күрестің тиімділігі авторлық құқық иелері, интернет-платформалар мен құзырлы органдардың өзара іс-әрекетіне байланысты болады.

"Егер мұндай ақпараттық өзара іс-әрекет үнемі жүргізіліп отырса, онда біз интеллектуалдық меншік нысандарына арналған құқықтың бұзылуын барынша төмендететін сенімді ортаны қалыптастыра аламыз", – деп түйіндеді Еуразиялық экономикалық комиссияның министрі.

Оқи отырыңыз: ЕАЭО елдерінде ортақ валюта қашан пайда болуы мүмкін

Айта кетейік, қазіргі уақытта Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып табылады.