НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар — Sputnik. Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматқа көшіру туралы айтып берді.
ҰБТ үш айға созылады
Смағұлов "электронды формат" түлектер ҰБТ-ны онлайн тапсырады деген сөз емес екенін айтты. Оқушылар мамандандырылыған тестілеу орталықтарындағы компьютерлерді пайдаланады.
"Егер бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылады. Енді ҰБТ тапсыру белгілі бір күнге ғана белгіленбейді. Өткен жылдары оқушылар емтихан тапсыратын 10 күнді елеңдеп күтсе, енді ҰБТ тапсыру үш айға созылады. Өзі қалаған кез келген уақытта мектеп бітіруші түлек тест тапсыра алады", - деді Смағұлов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында .
Екі мүмкіндік болады
Жаңа ереже бойынша, мектеп оқушылары ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады.
ҰБТ-ны бір рет тапсыру тегін болады. Қазір екінші рет тапсыруды да ақысыз ету мәселесі қарастырылып жатыр. Екінші ҰБТ ақшалай негізде болған күннің өзінде оның сомасы 2 242 теңгеден (5,3 доллар) аспайды.
Тестілеу орталығының басшысы ҰБТ-ның электронды форматы жаңа заман талабы екенін айтты. Біріншіден, мектеп оқушылары тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады.
Пандемия кезіндегі ҰБТ
ҰБТ-ның ескі форматы үшін ел бюджетінен 1 миллиард теңге (2,4 миллион доллар) қарастырылса, электронды форматтағы тестілеу шығыны шамамен 400 миллион теңге (952 мың доллар) көлемінде болады.
"2019 жылдан бастап мұғалімдер барлық тестті компьютерде тапсырды, 2020 жылы магистранттарға арналған кешенді тестілеуді осы форматқа көшірдік. Ендігі кезек оқушыларда", - деп нақтылады Смағұлов.
ҰБТ тапсыру үшін Қазақстанның барлық өңірінде 56 тестілеу орталығы ашылады. Олар наурыздан қыркүйек айына дейін жалға алынады. Тестілеу орталықтарында бүкіл республика бойынша 6 000 түлек екі лекпен емтихан тапсырады: біріншісі – 10:00-ден 14:00-ге дейін, екіншісі – 15:00-ден 19:00-ге дейін.
"Ақпараттық қауіпсіздік бойынша көп шара қабылданды. Ешкімнің жүйеге сырттан қосылу мүмкіндігі болмайды. Орта есеппен залда 50 адам ҰБТ тапсырады. Бұл пандемия кезінде аса маңызды, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берілмейді", - деді Ұлттық орталық басшысы.
ҰБТ тапсыруға қанша уақыт беріледі
Осы жылы ҰБТ тапсыратындар үшін тестілеу уақыты да әртүрлі: жаратылыстану-математика бағыты бойынша емтихан тапсыратындарға 240 минут (4 сағат) бөлінсе, гуманитарлық бағыттағы мамандық таңдағандардың тест уақыты 225 минут (3 сағат 45 минут) болады.
Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады.
ҰБТ кезіндегі IT-қауіпсіздік
ҰБТ тапсыруға арналған өңірлік орталықтармен байланыс жабық VPN-арнасы арқылы жүргізіледі. Бұл арнаға сырттан қосылу мүмкін емес.
"ҰБТ-ны тек нақты компьютерден ғана тапсыруға болады. Логин және құпиясөз арқылы басқа адам тапсыра алмайды. Компьютерлерде USB және флэш-карталарға арналған саңылау болмайды. Сондай-ақ, әрбір оқушының іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін камера орнатылады", - деп ақпараттық қауіпсіздік мәселесі жайлы айтып берді тестілеу орталығының басшысы.
Айта кету керек, тест тапсырушылар Face-ID арқылы сәйкестендіруден өтеді. Сондай-ақ, тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) анықтау бойынша қазақстандық прокторинг жүйесі қолданылады. Тыйым салынған заттар анықталған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылады және оның осы жылы тестті қайта тапсыру мүмкіндігі болмайды.
Апелляция
2019 жылдан бастап Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ны электронды форматқа көшіру туралы мұғалімдер мен оқушылар арасында сауалнама жүргізген. Орталық басшысының айтуынша, қазақстандықтар бұл жаңалықты қуана қабылдады.
Жаңа форматтың негізгі жағымды тұсы, тест парақшасындағы жауаптарды кездейсоқ бояу болмайды. Компьютердегі тестіде оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесісіне өту мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, тест нәтижесін кешке дейін күту қажеттілігі жоқ. Бұдан бөлек, оқушылар тест нәтижесін алған соң бірден апелляцияға өтініш бере алады.
Еске салсақ, осы сейсенбіде министрлер кабинетінің басшысы Асқар Мамин президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеу толық электронды форматқа көшетінін мәлімдеді.