Экономика

Тоқаев қызметіне енді кіріскен Элимановты қабылдады

Президент көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңадан құрылған агенттіктің алдағы жоспары, жақында таратылған қаржы мониторингі комитетінің 2020 жылы атқарған жұмысының қорытындысы туралы баяндалды.

Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының нормаларын іске асыруды өзара бағалау жүргізілуде. Сол жұмыстың екінші кезеңіне өтуге дайындық барысы сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жанат Элимановқа көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды.

Жаңа агенттік құрылды

Қаржылық мониторинг агенттігіне қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялар мен өкілеттіктер беріледі.

Мемлекеттік орган Қазақстан президентіне тікелей бағынады және есеп береді.