Спорт

Серік Сәпиев демалысы туралы: мен жан-жақты ойландым

Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің төрағасы демалысқа не үшін шыққанын және биылғы жылға қандай жоспар құрып отырғанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев декреттік демалыстан кейін қайта жұмысқа шықты.

Сәпиев төрт айлық демалысты не үшін алды

Өткен жылы тамыз айында Серік Сәпиев төрт айға декреттік демалысқа шыққан болатын. Сол кезде комитет басшысы демалысты отбасы жағдайына байланысты алғанын жеткізді. Ол төртінші рет әке атанды. Сәпиевтер отбасында қыз дүниеге келді.

"Мен жан-жақты ойланып, бәрін таразылап шықтым. Ол кезде үлкен шаралар да болған жоқ. Содан жұмысты орынбасарларыма тапсырып, ресми түрде демалысқа шығып кеттім. Мен төртінші рет әке атандым. Балаға қарадым. Оған қоса, әкемнің жағдайы нашарлап кетті. Отбасымызда қиын жағдай (2020 жылы қазан айында Жұманғали Дәуітұлы Сәпиев өмірден озды  - Sputnik) болды. Бұдан бөлек, аймақтарға барып, спортты дамыту жобаларымен айналыстым", – деді Сәпиев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

"Соққыдан қашу амалы емес"

2020 жылы мамырдың соңында спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және жаңа орынбасарларының ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Олар Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв бойынша республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледж 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталды. Күдіктілер нақты жұмыстар атқарылмаса да, ол ақшаны мердігердің есепшотына аудара салған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік шенеуніктерді ұстау операциясының видеосын да жариялады. 


Ал Серік Сәпиев ұзақ мерзімді демалысқа шығамын дегенде халық оның шешімін басқаша түсінді. Тіпті, орынбасарларының ұсталуымен байланыстыра бастады. Алайда комитет басшысы осы алыпқашпа әңгімені жоққа шығарды. Тексеріске өзі бастамашы болған.

"Мен соттан кейін бәрін егжей-тегжейлі түсіндірейін деп едім. Әзірше, ештеңе айтпай-ақ қояйын. Себебі әлі шешім шыққан жоқ. Тергеуге кедергі жасағым келмейді. Бірақ менде барлық ақпарат бар. Сондықтан менің демалысқа шығуым "соққыдан қашудың амалы" емес екенін дәлелдеп бере аламын. Демалысқа отбасы жағдайына байланысты шықтым", – деп атап көрсетті Сәпиев.

2021 жылдың жоспары қандай

Серік Сәпиев спортшылардың алдағы Олимпиада ойындарына дайындық шараларына басымдық беруді көздейді. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту жұмыстары жүргізіледі.

"Қазір кейбір аймақтарда спорттық шаралар өте бастады. Ұлттық құраманың спортшылары оқу-жаттығу жиындарына шығып, Токиодағы Олимпиада ойындарына дайындалып жүр. Республика чемпионаттары да өтіп жатыр. Пандемияға қарамастан, Токиодағы ойындары өтеді деген сенім бар. Әсіресе, спортшылар үшін осы доданың өткені аса маңызды. Себебі Токиоға барған кейбір спортшылар енді Олимпиадаға қатыспауы да мүмкін ғой", – дейді Сәпиев.

Бұдан бөлек, ұлттық құрама Параолимпиада ойындарына қатысады. Басқа да халықаралық жарыстар бар. Оған қоса, Токио Олимпиадасына жолдама алу кезеңі әлі аяқталған жоқ.

"Сондай-ақ, біз бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріп отырмыз. Өңірлерде "Aula fit" (аула спорты) жобаларын қолға алып, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған шараларды дайындап жатырмыз. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған спорттық шаралар да аз емес", - деп атап көрсетті комитет басшысы.