Қоғам

Бас бостандығы шектелген Хамитов енді немен айналысады

2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді. Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 28 қаңтар – Sputnik. Алты айға бас бостандығы шектелген Қуат Хамитовтың менеджері спортшының немен айналысатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Нақты жоспар жоқ, алайда ол әр үш ай сайын жекпе-жекке шығады. Алты айда екі жекпе-жектен қағылып тұр. Алдағы жарты жылға басқа жоспары жоқ болатын. Енді екі жекпе-жекті кейінге қалдырамын деп отыр. Бірақ соттан кейін телефон қоңырауына жауап берген жоқ", - деді Әділ есімді көмекшісі Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Айтуынша, ол тек спортшыны алты ай бас бостандығынан шектегенін біледі. Сондай-ақ, желіде жазба жариялауға болмайтынына ерекше көңіл бөлді.

"Нақты қандай санкция енгізгенін білмеймін. Алты айда әлеуметтік желіде жазба жариялауына болмайды. Енді жарты жыл Алматыда жаттығады", - деді ол.

Айта кетейік, 28 қаңтарда Алматы қаласы Алмалы ауданында Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі бойынша Қуат Хамитов кінәлі деп танылды.

Қуат Хамитов билік өкілдеріне белсенді түрде бағынбауға шақырған видеосы үшін сотқа шақырылған болатын. Спортшы жасаған әрекетін толық мойындады. Қуат Хамитов кінәлі деп танылып, алты ай бас бостандығынан шектеу туралы үкім тағайындалды.

Шешім шығару барысында сот Хамитовтың жасаған әрекетінің сипаты мен қауіптілік дәрежесін, жеке басының деректерін, қылмыс жасағанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын, кінәсін толық мойындағанын, бұрын сотты болмағанын ескерді.

Енді ол уәкілетті органға хабарламай, тұрақты мекенжайын өзгертпеуі қажет және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен кетпеуі қажет. Түнгі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін үйінде болып, көңіл көтеретін, ішімдік ішілетін орындарға бармауға міндетті. Жеке басын куәландыратын құжатты өзімен бірге алып жүруі қажет.

Айта кетейік, 2020 жылы қыркүйекте спортшы дезинфекция жасаушылар "халықты улап жатыр" деп мәлімдеп, оларды ұрып-соғуға үндеді. Кейіннен спортшы ол видеоның әзіл ретінде түсірілгенін айтты.

* Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі ("билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру").