Қоғам

Кәмелетке толмаған қызды зорлаған блогерге сот үкімі шықты

Сотталушының туыстары оның кінәсіз екенін және бұған дейін өзі де педофилді ұстауға көмектескенін айтқан еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 14 жастағы қызды зорлау ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға былтыр 7 маусымда Екібастұзда болды. 40 жастағы ер адам саяжайда түнде 2006 жылғы қызды зорлаған.

Прокурор соттан ер адамды 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ және өзін ақтауды өтінді.

Сот ер адамның кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленуші мен оның анасының, куәгерлердің жауабымен, сондай-ақ, сараптама қорытындысымен дәлелденгенін ескерді. Ер адамның қылмысты мас күйінде жасауы оның кінәсін ауырлатты.

Сот үкімімен ол 15 жылға сотталды, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан 40 жастағы екібастұздықтың былтыр күзде кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынғанын хабарлады.

"Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1 тармағы 1-тармақшасы бойынша (Кәмелетке толмаған қызды зорлау) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмысқа барды деген күдікпен 40 жастағы ер адам Екібастұздың уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп мәлімдеген еді полиция департаменті.

Кейінірек әлеуметтік желілерде видео тарады. Онда күдіктінің апасы бауырының қылмыс жасамағанын айтады. Айтуынша, ер адам бір кездері өзі  педофилді ұстауға көмектескен.

Сондай-ақ, әйел полиция тарапынан қысым көрсетіліп жатқанына шағымданған еді.

Айта кетсек, ер адамның кәмелетке толмаған үш қызы бар.