НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Осы жылдың қаңтарынан бастап дене шынықтыру мұғалімдеріне ай сайын 17 697 теңге үстемақы төленеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.
"2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Енді дене шынықтыру мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленеді", – деп жазды министр Facebook-те.
Ол дене шынықтыру мұғалімдерінің функционалы кеңейіп отырғанын айтты.
Мұғалімдер әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізеді.
"Әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді, сәйкесінше балалар мектептегі қажетті жабдықтарының болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады", – деп толықтырды Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Педагогтер біліктілік санаты үшін қосымша ақы алады – Аймағамбетов
Министр балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды спортқа баулу және олардың денсаулығын нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.