Қоғам

Отандық вакцинаның құрамында не бар

Вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылады. Сондықтан сенімді компоненттерден тұрады, деді вирусолог
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымы, вирусолог, профессор Леспек Кұтымбетов отандық QazCovid-in вакцинасының құрамы туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз әрі тиімді әсер етеді. Вакцинаны егу нәтижесінде мықты иммунитет қалыптасады. Мысалы, ауырып, кейін сауыққан адамда пайда болатын иммунитетпен салыстыруға болады. Инактивті вакцинаны дайындау үшін пайдаланылған компоненттердің басым бөлігі ондаған жылдар бойы ғылыми тұрғыда пайдаланылып келеді. Олардың зияны болмаған. Сондықтан біз QazCovid-in әзірлеу үшін вакцинаның инактивті түрін таңдадық", – дейді Кұтымбетов.

Оның айтуынша, вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылады. Сондықтан сенімді компоненттерден тұрады.

"Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз. Халықтың көпшілігі вакцинаның құрамындағы компоненттерді басқа да вакциналар арқылы бұған дейін де қабылдаған. QazCovid-in препаратын әзірлеу барысында пайдаланылған жалғыз жаңа компонент – белсенді емес вирус", - деп атап көрсетті ғалым.

Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, президенттің көмекшісі Ерлан Карин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде отандық вакцинаны салдырған болатын.