Қоғам

"Жағдай өзгереді": министрлік пандемиядан шығу жолын атады

Он миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр. Осының арқасында минималды ұжымдық иммунитет қалыптастырып, ауруға шалдығу көрсеткішін төмендетуге болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинациядан кейін жағдайдың қалай өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бірінші вице-министр Марат Шорановтың айтуынша, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 70-80 проценті екпе алуы керек.

"Біздің есебіміз бойынша вакцинацияның қарқынын ескерсек, биыл тамыз-қыркүйек айында жағдай өзгереді. Бірақ бұл - алдын ала болжам. Барлығы вакцинаны өндіру көлемі мен мерзіміне, халықтың екпе алуға деген ниетіне байланысты болады. Сондықтан тағы бір мәрте айтамыз, бұл – пандемиядан шығудың жалғыз жолы. Соның арқасында бұрынғы өмірге қайта ораламыз", - деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін қанша адамға вакцина салу керектігіне тоқталды.

"10 миллион адамға вакцина саламыз деп отырмыз ғой. Бұл – Қазақстан халқының 50-60 проценті. Осының арқасында минималды ұжымдық иммунитет қалыптастырып, ауруға шалдығу көрсеткішін төмендетуге болады. Ал 60 проценттен жоғары болған сайын науқастар саны азая береді", - деп атап көрсетті Есмағамбетова.

Жаппай вакцинация

Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Вакцина бірінші кезеңде:

Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары – 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап шамамен 100 мың адам;

екінші кезеңде:

жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары – 2021 жылдың наурызынан 150 мыңға жуық адам;

үшінші кезеңде:

мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, созылмалы аурумен ауыратындар – сәуір айынан бастап 600 мың адам.

Айта кететін жайт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.

Ал 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.

Қазір QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр. Оның аясында вакцина 3 мың еріктіге егілді.