Әлем

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі ұсталды

Бұған дейін Абылғазиевке елден шығуға тыйым салынып, егер ол республикадан тыс жерге шығуға әрекет жасаса, дереу қамауға алынатыны ескертілген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қырғызстанның бұрынғы премьер-министр Мұхаммедқалы Абылғазиев қамауға алынды, деп хабарлады Sputnik Қырғызстан ішкі істер министрлігінің ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

Абылғазиев үлкен дау-жанжалдан кейін қызметінен кеткен болатын. Енді ұлттық қауіпсіздік комитетінің нұсқауымен ол қамауға алынды. Бұған дейін қаржы полициясы оның елден шығуына тыйым салған.

Ал егер бұрынғы премьер республикадан тыс жерге шығуға әрекет жасаса, бірден қамауға алынатыны ескертілген. Артынан жауап алу үшін шақырды. Бірақ ол кезде нақты қай іс бойынша жауап алынатыны туралы айтылмаған.

Сейсенбі, 26 қаңтарда Абылғазиевті тағы жауап алу үшін шақырды. Содан соң қамап тастады.

Былтыр күзде Қырғызстанның бас прокуратурасы денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Олар пандемия кезінде заңсыз әрекет жасағаны үшін айыпталды. Оған экс-премьердің қатысы бар болып шықса, оны да жазалайды деген ақпарат тараған. Абылғазиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталып, алайда нақты қандай айыптың тағылғаны жарияланған жоқ.

Радиожиіліктерге қатысты дау

Абылғазиев радиожиіліктерге қатысты дау-жанжалдан кейін отставкаға кетуге өтініш жазды.

Былтыр мамыр айында мемлекеттік байланыс агенттігінің экс-басшысы Наталья Черногубова ұсталған болатын. Ол мемлекеттік ақпараттық технологиялар комитеті мен ұялы операторлардың бірімен сөз байласқаны үшін айыпталды. Артынан сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тағы бес адамның ұсталғаны белгілі болды. Олардың ішінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің бес қызметкері де бар.

Сол кезде Жогорку кенештің депутаты Жанар Ақаев үкіметтің екі радиожиілікті арзан бағаға сатып жібергенін мәлімдеді. Оның ойынша, премьер-министр Мұхаммедқалы Абылғазиевтің рұқсаты болмаса, ондай келісімді рәсімдеу мүмкін емес. Ақаев мемлекетке келген шығында 5 миллиард сомға (58,9 миллион доллар) бағалады. Абылғазиев көп ұзамай, тергеуге қысым жасады деген айыптар болмасын деп, қысқа мерзімді демалысқа шығып кетті.

Оқи отырыңыз: Қырғызстанның жаңа президенті алғашқы сапарын қай елден бастайтыны белгілі болды

Ал маусым айында осы іске қатысы бар деген күдікпен "Ала-ТВ" компаниясының құрылтайшысы ұсталды деген ақпарат шыққан. Дәл осы компанияның радиожиіліктері ұялы байланыс операторына сатылды. 

15 маусыда Мұхаммедқалы Абылғазиев осы іске қатысым жоқ деп, отставкаға кетуге өтініш жазды. Осылайша, ол 19 күнге созылған демалыстан кейін бірден жұмыстан кеткен болатын.