Қоғам

Қазақстан ипотекалық компаниясы атауын өзгертті

Мұндай өзгеріс компания жұмысына әсер етпейді және ол елдегі тұрғын үй құрылысының жалғыз операторы болып қала береді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. "Қазақстан ипотекалық компаниясы" атауын "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" деп өзгертті (қысқартылған нұсқада – "ҚТК"). Бұл туралы аталған қаржы ұйымының ресми сайтында ақпарат жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы жаңа атау алды. Енді қазақстандық ипотекалық компания "Қазақстанның тұрғын үй компаниясы" деп аталатын болды. Ресми қайта тіркеу 2021 жылғы 26 қаңтарда тіркеуші органда жүзеге асырылды", – делінген хабарламада.

Жалпы, Қазақстан тұрғын үй компаниясы ел халқын сапалы және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған мемлекеттік шараларды одан әрі іске асырады. Соның ішінде құрылыс саласын қолдау, тұрғын үй нарығындағы сұраныс пен ұсыныстар теңгерімінің өсуі үшін жағдай жасайды және ипотекалық кредит беру жолымен қамтамасыз етеді.

"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ-ның жалғыз акционері 100% мемлекеттік акциялар пакетіне иелік ететін "Бәйтерек" холдингі болып қала береді. Біріккен компания тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы ретінде мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмысын жалғастырады:

  • ипотекалық қарыздар беру;
  • кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй беру;
  • мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде құрылыс салушыларға кредит беру;
  • жеке құрылыс салушылардың кредиттерін және ипотекалық қарыздарды субсидиялау;
  • тұрғын үй құрылысын қаржыландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру;
  • тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік беру.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің тұрғын үй блогы үш еншілес компанияны – "Бәйтерек девелопмент" АҚ, "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ және "Қазақстан ипотекалық компаниясы" ИҰ" АҚ Қазақстанның тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіру арқылы өзгертілді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады

2020 жылғы 8 шілдеде президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" тиісті заңға қол қойды.