НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар — Sputnik. Ақтөбелік полицей немересі үйінен қуып жіберген зейнеткерге қамқорлық танытып, өз пәтеріне кіргізді.
Дастан Сұлтанғалиев қарт әйелді түнде жалғыз кетіп бара жатқан кезінде кезіктірген.
"Олар мені далаға лақтырып жіберді деуге болады. Мен үйден шықтым да, жүре бердім. "Құдай-ау, бірақ, қайда барамын?" деп ойланып келе жаттым. Түнде ауа температурасы 20 градус аязды көрсетіп тұрды. Менің үстімде жатарда киетін тек жеңіл көйлек пен пальто ғана болды. Сол уақытта патрульдік көлік тоқтап, мені полицияның тірек пунктіне жеткізді", - дейді Людмила Шевченко.
Анықталғандай, туған немересі қарияның атына тіркелген пәтерді сатып, қаражаттың барлығын жеке бизнеске салған. Бірақ, іс жүрмей қалған. Зейнеткер немересі және оның әйелімен бірге жалдамалы пәтерге көшеді. Алайда, жанұяда ақшаға байланысты жанжал жиі болып тұрған.
Шевченконың айтуынша, немересі оның банк картасын алып қойып, өз зейнетақысын жаратуға мүмкіндік бермеген. Қария өз ақшасын қайтаруды кезекті рет талап еткенде, немересі оны үйден қуып шыққан, деп хабарлайды Astana телеарнасы.
Полиция қызметкері зейнеткерді немересімен татуластырып, оны үйіне қайтаруға әрекет жасаған. Бірақ, немересі қарияны үйге кіргізуден бас тартты.
"Әйеліме қоңырау шалып, әжейдің басындағы жайды айтып бердім, барар жері жоқ екенін түсіндірдім. Келіншегім "үйге алып кел" деді. Мен мұны батырлық деп санамаймын. Адамдардың жағдайы жақсы болуын бақылау менің міндетім. Әркез көмек қолын соза білу керек. Әсіресе, қарт кісілерге", - деп түсіндірді Дастан Сұлтанғалиев.
Людмила Шевченконың полицейдің бір бөлмелі пәтерінде тұрып жатқанына екі айға жуықтаған. Айта кетсек, Сұлтанғалиевтің төрт баласы бар. Олар қарияны өз апасындай қабылдаған.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де зейнеткердің мәселесімен айналысып жатыр. Олар қарияға қарттар үйіне көшіп келуді ұсынды. Ол үшін Шевченконың туыстары ресми түрде зейнеткерден бас тартуы керек.
Қазір Людмила Шевченко өзінің құтқарушысы Сұлтанғалиевтің пәтеріне жақын маңнан жалдамалы баспана іздеп жатыр.