НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Елорда әкімдігі монтаждау жұмыстарының құрылысына маманданған жеке ұйымдармен бірнеше рет кездесу өткізді. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтанда үй ішіне тікелей газ орнату құны 30%-тен астам төмендеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
"Айталық, "Әлия сервис" ЖШС үй ішінде газ өткізу құнын 240 мың теңгеден – 150 мың теңгеге дейін төмендетсе (37,5%-ке), "ҚазтрансГазАймақ" АҚ – 123 мың теңгеге дейін азайтты. Сол сияқты тағы бірқатар жеке ұйым үй ішіне газ өткізу құнын арзандатты. Бұл сомаға газ жабдығы мен жиынтықтауыштардың құны кірмейді", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, тұрғын үй алаптарында газ тарату желілерін, оның ішінде тұрғын үйлер бойындағы орамішілік желілерді салумен Нұр-Сұлтан әкімдігі айналысады. Ал үй ішіне тікелей жеткізілуіне жеке ұйымдар жауапты.
Тұрғындар кез-келген мамандандырылған компанияны таңдауға құқылы.
Қазіргі кезде жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, әкімдік жеке ұйымдармен монтаждау жұмыстарының құнын төмендету бойынша келіссөздер жүргізуде. Ал есептегіштердің өздері азаматтарға тегін беріледі.
Қаланы газдандыру үш кезең бойынша жүргізіледі. Биылғы жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігі газға көшіріледі. Сонымен қатар, Көктал-1, Промышленный, Оңтүстік-шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Мамин әкімдіктерге бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құруды тапсырды
Аталған тұрғын алаптарда газбен жабдықтаудың ішкі желілерін жүргізген тұрғындар газға қосылу үшін "ҚазтрансГаз Аймақ" АҚ-ға жүгіне алады (Республика даңғылы, 24, "Парасат" БО). Бұл ұйым газбен жабдықтаудың ішкі желілерінің қауіпсіздігімен және тікелей қосылуын тексерумен айналысады, сондай-ақ одан әрі пайдалануға жауап береді.