Қоғам

Бекшин шетелге шығатын қазақстандықтардың әрекетін сынға алды

Мемлекет елге оралар кезде тест тапсырмаған қазақстандықтарға қомақты қаржы жұмсап отыр. Пандемия басталғалы Алматыға 13 мыңнан астам азамат анықтамасыз келген
Sputnik

АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шетелден ПЦР анықтамасыз келетін қазақстандықтардың әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Азаматтардың демалуға қаражаты бар. Шетелден келген қазақстандықтың 90%-і уақытылы коронавирустың бар-жоғына тест тапсырып, "жасыл" дәліз арқылы өтіп, үйіне қайтады. Ал қандай да бір бөлігі қаражат үнемдеуге тырысады. Олар келген соң мемлекет оны тегін алып кетеді, көлік, қонақүй дайындайды, коронавирусқа тегін тест тапсырады", - деді Бекшин.

Айтуынша, мемлекет елге оралар кезде тест тапсырмаған қазақстандықтарға қомақты қаржы жұмсап отыр. Пандемия басталғалы Алматыға 13 мыңнан астам азамат анықтамасыз келген. Олардың бәрі ПЦР тест тегін тапсырған, ондай-ақ, қонақүй, тамақтану, медициналық қызмет көрсету де тегін болған.

Ол мұндай тегін қызмет пен қамқорлықты барлық елдің жасап отырмағанын айтып өтті.

Айта кетейік, індет басталғалы Алматыда 21 547 адам инфекция жұқтырды, 1 662 коронавирустық пневмония тіркелді. Қала қазір коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр.