Қоғам

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиададан алтын медаль жеңіп алды

Карантиндік шектеулерге байланысты халықаралық олимпиада онлайн форматта өтті, жарысқа 15 елден 150 оқушы қатысқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық оқушылар ең беделді IMSO халықаралық олимпиадасынан 5 медаль ұтып алды, оның біреуі – алтын, деп хабарлайды Халықаралық математика және ғылым олимпиадасы.

International Mathematics and Science Olympiad –  4-8 сынып оқушыларына арналған, математика мен физика пәндерінен өтетін олимпиада.

Биыл білім сайысы 17-ші рет ұйымдастырылды. Оған әлемнің 15 елінен 150 оқушы қатысты. Олардың арасында Қытай, Сингапур, Үндістан, Оңтүстік Корея, БАӘ және тағы басқа елдер бар.

Шараны Индонезия ұйымдастырды. Короновирустан енгізілген шектеулерге байланысты Олимпиада онлайн өткен.

Қазақстан құрамасына ел ішіндегі іріктеу жарыстарында ең жоғары көрсеткіш көрсеткен 6 оқушы енді. Олар ел қоржынына бір "алтын", бір "күміс" және үш "қола" медаль салды.  

"IMSO – орта мектеп оқушыларына арналған ең беделді халықаралық олимпиада. Оған қатысудың өзі үлкен абырой. Жыл сайын қазылар жарысқа арнап авторлық тапсырмалар дайындайды. Қазақстандық оқушылардың жеңісі біз үшін үлкен мақтаныш. Құрамамыз керемет нәтиже көрсетті", - дейді Қазақстан атынан ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, "Пифагор" онлайн мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов.

Жүлделі болған қазақстандық оқушылар:

Алтын

  • Ади Құралов, Нұр-Сұлтан, № 75 мектеп.

Күміс

  • Тимур Қилыбаев,  Алматы, № 165 лицей.

Қола 

  • Батырхан Бейғанов, Алматы, № 165 лицей;
  • Артур Мұратов, Алматы, № 90 арнайы лицей;
  • Алиса Абдулова, Алматы, РФММ.