Қоғам

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина мәжбүрлі түрде салына ма – министрлік жауабы  

Қазақстанда 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы ресейлік препаратпен жаппай вакциналау басталады. Ал 15 ақпаннан бастап Қазақстанда өндірілген "Спутник V" вакцинасы егіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы жаппай вакциналауға қатысты басты сұрақтарға жауап берді.

Қазақстанда вакциналау міндетті және мәжбүрлі бола ма?

Қазақстан халқы вакцинаны ерікті түрде салдырады. "Халық денсаулығы және денсаулық сақту жүйесі туралы" кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық рәсім, соның ішінде, вакциналау азаматтың келісімі арқылы ғана орындалады.

Қазақстанда вакциналаудан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Кез келген қысым көрсету заңсыз болып саналады.

"Егер сіз вакциналауға мәжбүрлеу фактісінің куәгері болсаңыз, тікелей санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне немесе құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймын", - деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Қазақстан Республикасында қандай вакцина қолданылады?

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда Ресейде әзірленген Гам-КОВИД-Вак ("Спутник V") вакцинасымен коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау науқаны басталады. Одан кейін 15 ақпанда вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында әзірленген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. 2021 жылдың ІІ тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық өндірістің өнімі – QazCovid-In препараты қосылады. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде тұр.

Коронавирусқа қарсы вакцина кімдерге салынады

Ең алдымен коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары вакцина салдырады. Одан кейін халықтың басқа да топтарына иммундау жүргізіледі.

Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық көмек қызметі, жан сақтау, қабылдау бөлімдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы қызметкерлер вакцина алады. Екінші кезеңде жалпы білім беру мектептеріндегі, жоғары оқу орындарындағы педагог мамандар мен бірінші кезеңге кірмеген медицина қызметкерлеріне екпе салынады. Үшінші кезеңде интернат-мектептер, балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелердегі педагогтар мен созылмалы ауруы бар студенттер вакциналаумен қамтылады. 

Сонымен қатар, кейінгі кезеңдерде де халықтың қосымша осал топтарын вакцинамен қамту жоспарланып отыр. Олар: ТЖМ, ІІМ, қорғаныс министрлігі, ҰҚК, мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері және тағы басқалар.

Вакциналау ақылы бола ма? Бір екпенің бағасы қанша?

Халықтың осал топтары үшін коронавирусқа қарсы вакциналау тегін болады.

Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның қарсы әсері бар ма?

Қарсы әсерін анықтау үшін вакцинаның көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері, иммундаудан кейінгі ықтимал жағымсыз нәтижелер, вакцинаны егу әдістері мен сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәлімет берілген нұсқаулық болуы керек. Осыған байланысты қарсы көрсетілімдер тізімін ұсыну мүмкін болмай тұр. Айта кету керек, кез келген вакцинаны салған кезде адам ағзасы иммунитет қалыптастырады, аз уақытқа дене қызуы көтеріліп, екпе салған орын қызарады немесе ісіну секілді жағымсыз өзгеріс болуы мүмкін.

Коронавирусқа қарсы вакцинадан аллергия болуы мүмкін бе?

Кез келген вакцинаны салмас бұрын медицина қызметкері екпе алатын адамның аллергиясы бар-жоғын сұрайды. Егер азаматтың ауыр аллергиялық ауруы бар болса, онда оған екпе салынбайды. Сол сияқты аллергиялық әсерін алдын ала білу мүмкін емес. Себебі әр ағза әртүрлі. Шұғыл әрекет ету мақсатында азаматтар екпе алғаннан кейін 30 минут бойы медициналық бақылауда, яғни, медициналық мекеме ғимаратында болғаны абзал. Осы уақыт ішінде вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды. Сонымен қатар, әрбір екпе алған адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсері мен шүғыл жағдайда байланысуға болатын емханалардың телефондары жазылған нұсқаулық беріледі.

Коронавирусқа қарсы вакцина балаларға салына ма?

"Спутник V" вакцинасы 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады. Қазақстандық өндірістегі вакцина қазір клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде тұр. Бүгінгі күні отандық вакцина бойынша бекітілген нұсқаулық жоқ. Сондықтан оған арналған контингент әлі де анықталып жатыр.

Қарағанды зауытында шығарылып жатқан вакцина қайда қолданылады?

Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы Қазақстан Республикасында ғана қолданылады.

Неге екпені екі кезеңге бөліп салады?

Коронавирусқа қарсы вакцина 21 күн аралықпен екі рет салынады. Бірінші доза антиденелердің шағын көлемде шығарылуына байланысты ұзақ сақталмайтын қорғаныс әсер береді. Екінші доза бірінші кезеңдегі вакцина әсерін күшейтеді және бекітеді де, адам ағзасындағы антиденелер саны ұлғаяды.

Ресейлік "Спутник V"  вакцинасының сапасы тексерілді ме?

Бұл вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын имундау үшін қолданылып келеді. Ресей тікелей инвестициялар қорының мәліметі бойынша, шамамен 50 мемлекет осы вакцинаны алу үшін өтінім білдірсе, кейбір мемлекеттер (Беларусь, Аргентина, Сербия) сәтті қолданып жатыр.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды алып кіру кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын қазақ немесе орыс тілдеріне аударылған өндіруші құжатының электронды көшірмесі болуы керек. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы үкіметінің 2020 жылдың 15 желтоқсанындағы №850 қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасында өндірілген коронавирусқа қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.

Ресейлік өндірушілерден басқа тағы қандай компаниялармен серіктестік туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр?

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігі Sinovac, Sinopharm (Қытай), Phizer (АҚШ) сынды коронавирусқа қарсы вакциналарды өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатыр.

Біздің елде қандай вакциналар әзірленіп жатыр?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген коронавирус инфекциясына қарсы кандидат-вакциналардың қатарында қазақстандық өндірістегі 5 кандидат-вакцина бар. Біріншісі – Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – БҚП ҒЗИ) әзірлеген инактивтелген вакцина. Ол қазір клиникалық зерттеулер сатысында тұр. Клиникалық зерттеулерге дейінгі сатыда тұрған қалған төртеуін мына мекемелер әзірлеп жатыр:

  1. Огайо (АҚШ) Штатының Университетімен бірлесіп Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
  2. Қазақ ұлттық аграрлық университеті;
  3. М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялардың ұлттық орталығы;
  4. Биология және биотехнология проблемаларының ғылыми-зерттеу институты.

Вакциналаудың электронды төлқұжаты деген не?

Вакциналаудың электронды төлқұжаты – бұл вакциналаудың медициналық тарихы. Бұл вакцина алған азаматтарды үздіксіз бақылау мен оларға мониторинг жүргізу қызметінің денсаулық сақтау саласындағы басты модулі. Қазіргі уақытта вакциналаудың электронды төлқұжатын әзірлеу аяқталуға жақын.

Паспорттың жұмыс істеу қабілеті медицина қызметкерлері үшін денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, емделушілер үшін eGov Mobile мобильдік қосымшасын қолдану арқылы іске асырылады. Вакциналаудың электронды паспорты екпе салдырғаннан кейін eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. ВЭТ-те азамат туралы, ол қабылдаған екпе түрі, вакциналау жүргізудің кезеңдері туралы, сондай-ақ, екпе салдырғаннан кейінгі бақылау туралы ақпарат болады.

Интернетте вакциналау арқылы халықты жаппай чиптеу туралы қауесет тарап жатыр. Бұл қаншалықты рас?

Қазақстан Республикасындағы ешбір вакциналау адамдарға чип орнатуды қарастырмайды. Екпе алар алдында әрбір азамат вакцина құрамы жайлы толық ақпарат ұсынылған нұсқаулықпен танысуға құқылы.

Коронавирусқа қарсы вакцина неге соншалықты жылдам әзірленді?

Пандемия кезінде бұл вакцинаның шұғыл қажеттілігі туындады. COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеу бүкіл әлемде инфекцияның кең таралуы мен коронавирустық инфекциядан жаппай қырылу жағдайында жүзеге асырылды. Сонымен қатар проблеманың жаһандық сипатта боулына байланысты фармацевтикалық компаниялар вакцинаны жылдам әзірлеу үшін қомақты қаражат жұмсады. Бірақ вакцинаның қысқа мерзімде әзірленуі компаниялардың қауіпсіздік хаттамаларын ескермегенін білдірмейді.

Ал нақты "Спутник V" вакцинасына келер болсақ, онда Гамалея атындағы ЭМҰЗО алдыңғы зерттеулерге сүйенді. Пандемияға дейін-ақ бұл зерттеу орталығы құрамында РНК бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар әзірлеуге арналған технологиялық платформаны ашты. SARS-CoV-2 коронавирусы дәл осы топтағы вирустар қатарына кіреді.

Вакциналау алдында ағзадағы антиденелер туралы ақпарат керек пе? COVID-19 ауруымен ауырғандар да екпе ала ма?

Нұсқаулыққа сәйкес, вакциналауға дайындық кезінде ағзадағы антиденелер туралы мәлімет қажет болмайды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен ауырғаннан кейін кемінде алты айдан соң екпе салдыруға кеңес береді.

Елдегі және әлемдегі танымал адамдар немесе ел көшбасшыларының арасында коронавирусқа қарсы екпе алғандар бар ма?  

АҚШ-та жаңа сайланған президент Джо Байден вакцинаны қабылдады. Ол 78 жаста және ол қауіпті топқа жатады. Байденге Pfizer және BioNTech вакцинасы салынды.

Гвинея президенті Альфа Конде "Спутник V" вакцинасын салдырған алғашқы мемлекет басшысы. Сондай-ақ, елдегі қорғаныс министрі мен 19 жоғары лауазымды тұлғаға екпе жасалды.

Аргентина президенті Альберто Фернандес те коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырды. Президенттен бұрын Буэнос-Айрестің денсаулық сақтау министрі Даниэль Голлан да екпе алды.

Венесуэла президентінің ұлы Николас Мадуро Герра да коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырды.

Түркия президенті Режеп Ердоған коронавирусқа қарсы қытайлық СoronaVac препаратын қабылдады. Түріктерде бірінші болып екпе алған – елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа.

Ватиканда 84 жастағы Рим Папасы Франциск пен 93 жастағы демалыстағы папа Бенедикт XVI Pfizer вакцинасын салдырды.

Актер және Калифорнияның бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггерге коронавирусқа қарсы Pfizer және BioNTech вакцинасы егілді. Америкалық деректі фильмдердің режиссері Оливер Стоун ресейлік вакцинаны алды.