Спорт

"Сын айтқандарға да рахмет": Жұмағұлов UFC-дегі екінші жеңілісі туралы пікір білдірді

UFC 257 турнирінде екінші рет жолы болмаған Жұмағұлов жеңілдім деп бәрінен баз кешпейтінін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық спортшы Жалғас Жұмағұлов Instagram парақшасында UFC промоушеніндегі екінші жекпе-жегі туралы пікір білдірді. Ол қолдаушылар мен жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, өзін сынағандарға да жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Жанкүйерлердің үмітін ақтай алмағаныма қарамастан, маған қолдау білдіріп жазатындар өте көп. Сол үшін зор алғыс. Сондай-ақ, өз ой-пікірін білдіріп, мені сынағандарға да рахмет айтамын", – деп жазды спортшы.

Ол мұндай ұйымда республика атынан әрекет ету үлкен жауапкершілік екенін айта келе, өзіне тым көп жүктеме алғанын атап өтті.

"Мен өз елімнің туын биікке көтере алмағаныма өкінемін. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырыстым. Бар күшімді салдым, халқымның алдында шын ниетіммен әрекет еттім, бірақ бәрі мен қалағандай болмады", – деді Жұмағұлов.

Ендігі жерде Жұмағұлов демалып, қайта күш жинауды жоспарлап отыр және ол жеңілдім деп бәрінен баз кешпейтінін баса айтты.

Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов Әбу-Дабидегі UFC 257 турнирінде швед спортшысы Амир Альбазимен жұдырықтасып, жеңіліп қалды. Жекпе-жек толық үш раундқа созылып, төрешілер бірауыздан жеңісті Альбазиге берді. Осы жекпе-жектен кейін Жалғастың аралас жекпе-жектегі көрсеткіші 13 жеңіс пен 5 жеңілісті құрады.

Оқи отырыңыз: Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі жекпе-жектен қанша ақша тапқаны белгілі болды

Жалпы Жұмағұлов UFC дебютін Fights Nights Global чемпионы ретінде өткізді. Ал 2019 жылдың қараша айында ол ресейлік Али Багаутиновты жеңді.

Өткен жылдың шілдесінде Жұмағұлов даулы шешіммен бразилиялық Раулиан Пайведен жеңіліп қалды.