Қоғам

"Өлтіріп тастаймыз деген": Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы Жүнісовадан көмек сұрады

Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы, екінші топтағы мүгедек 71 жастағы Рая Қалабаева көмекке зәру. Қарияның қызы қандай қиындыққа тап болғанын айтып берді
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 қаңтар – Sputnik. Мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қарындасының отбасы әнші Мақпал Жүнісовадан көмек сұрады.

"Уақыт көрсетеді" бағдарламасына Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауданында тұратын Әсел Қалабаева есімді бойжеткен хабарласқан. Айтуынша, 71 жастағы анасы Рая Қалабаева – Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы. Ол – екінші топтағы мүгедек, 2018 жылы жүрегіне ота жасалғалы жағдайы күрт нашарлаған. Анасы мен қызы жалдамалы пәтерде тұрады. Әйелдің өзі сөйлей алмайды.

"Үйіміз бар болатын. Анам туысқандарының, сіңілісінің кесірінен үйінен айырылып қалды. Клара есімді сіңілісі айналдырып, ақшасын алып, талан-таражға салды. Далада қалдық. 1999 жылдан бері анам екеуміз пәтер жалдап тұрамыз", - дейді Әсел.

Айтуынша, Заманбек Нұрқаділов пен Рая Қалабаеваның әкесі бір, шешесі бөлек. Көзі тірісінде Заманбек Нұрқаділов қарындасын жұмысқа орналастырған.

Ал қазір анасы мен қызы бір баспанаға зар болып отыр. Айтуынша, бұған дейін Алматы облысының әкіміне де, кейінгі жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жазған.

"Анамның аз күндік қана ғұмыры қалған шығар. Осы кісіні шығаратын да жерім жоқ. Бауырының ешқайсысы көмектеспейді. Сіңілісі ақшасын талан-таражға салып, ұрып тастаған. Өлтіріп тастаймыз деп айтқан. Үйде кезекте тұрмыз. Бірақ ол үй биыл да салынбауы мүмкін. Менің үмітім үзілді. Анамды ақтық сапарға шығаратын жер керек. Бауырларынан ешқандай қайыр жоқ", -дейді Әсел Қалабаева.

Айтуынша, бір кездері ол Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайратқа да көмек сұрап барған. Ол бір айлық пәтер ақысын – 25 мың теңге төлеп берген.

"Анам сау кезде Құралай Нұрқаділоваға да бардық. Ол кісі бізді қабылдаған жоқ. Салонына барғанбыз, кіре алмадық. Мақпал Жүнісоваға барған жоқпын. Ол кісі мұндай күйімізді білмейді. Ол кісіге баруға жолым түспей қойды. Анам сырқат болып қалған соң жол жүруге қиын болып қалды", - дейді Әсел.

Айтуынша, анасы 12-13 ағайынды, соның жетеуінің көзі тірі.

"Заманбек ағаның разылығы үшін қарындасына көмек қолын созса деймін. Қол ұшын созса деймін", - деді Әсел Мақпал Жүнісоваға қарата.

Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы 61 жасында дүниеден өтті. Ол Алматының бірінші әкімі болған. Мақпал Жүнісовамен 1998 жылы шаңырақ көтерді. Мерей есімді қызы бар.