Әлем

Отыз миллионнан астам қолданушы WhatsApp-тан неге бас тартты

Қолданушылар Signal және Telegram мессенджеріне көшіп жатыр. Signal-ды қолданушылар саны 7,5 миллионға, ал Telegram жүктегендер 25 миллионға артқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар - Sputnik. Соңғы үш аптада WhatsApp 30 миллионнан астам абоненттен айырылды, деп хабарлайды The Guardian.

Қолданушылар Signal және Telegram мессенджеріне көшіп жатыр. Қаңтар басталғалы Signal-ды қолданушылар саны 7,5 миллионға, ал Telegram жүктегендер 25 миллионға артқан.

Қазақстанда Telegram қолданушылары көп деуге болады, алайда Signal танымал емес. ЦРУ-дың бұрынғы қызметкері, әлемге танылған Эдвард Сноуден күнде Signal қолданатынын айтқан болатын. Белгілі бизнесмен Илон Маск та осы қосымшаны жүктеп алуға шақырды.

Еске сала кетсек, WhatsApp 8 қаңтарда жаңа қолданушы келісімін жариялады. Оған сәйкес, қосымшаның жаңа нұсқасын пайдаланушылар Facebook-пен ақпарат бөлісуі керек болады.

Мұндай жаңашылдық жұрттың көңілінен шықпады. Қолданушылар жеке ақпаратын бөліскісі келмейтінін жеткізді. Сондықтан WhatsApp жаңа келісімді енгізу мерзімін 15 мамырға шегерді.