Қоғам

Тоқаев байланыс операторларын нашар интернет үшін жауапқа тартуды ұсынды

Президент үкіметке интернеттің қауіпсіздігі саласындағы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін жетілдіруді тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке интернеттің төмен жылдамдығы үшін байланыс операторларына жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Халықтың тағы бір проблемасы – интернеттің қауіпсіздігі мен жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарифтік жоспарды үнемі өзгертіп, бағаны көтеріп жатады. Бірақ интернеттің жылдамдығы мен сапасы сол күйі қалады. Үкіметке осы саладағы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін жетілдіруді және ұсынылған параметрлердегі едәуір айырмашылық үшін жауапкершілік енгізуді пысықтауды тапсырамын", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сондай-ақ, президент елді цифрландыру мәселесіне де тоқталды.

"Локдаун цифрландыру саласында шешілмеген түйткіл көп екенін көрсетті. Былтыр мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін 90%-ке дейін көтеруді тапсырдым. Есепке сәйкес, көрсеткіш 93%-ке жеткізілді. Алайда тек номиналды процентті ғана емес, бүкіл елде ең көп сұранысқа ие қызметтерді пайдалану деңгейін де арттыру қажет", - деді ол.

Тоқаев мемлекеттік қызметтерді көрсету смартфондарға ауысуы керектігін қадап айтты. 

"Бүгінде азаматтардың жетпіс проценті смартфон ұстайды, интернет-алаңдар, ірі банктер  дәл осы мобильді сервистер есебінен қарқынды өсіп жатыр. Сол себепті барлығы смартфонға ауысуы керек. Мемлекеттік органдар базалық құжаттарды цифрлық форматта заңды деп танудың теңдігін қамтамасыз етуі тиіс", - деді мемлекет басшысы.