Қоғам

"Алда жұмыс өте көп": президент министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

Вакцинация елдегі эпидемиологиялық жағдайды түзеуі тиіс, алда атқаратын жұмыс өте көп, деді мемлекет басшысы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинациялау науқаны кезінде бейберекеттілікке жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент барлық министр мен әкімді вакцинациялау науқанына баса мән беруге шақырды.

"Жалпыға ортақ вакцинация — өте маңызды мәселе. Бізге азаматтарға вакцина егудің пысықталған, жан-жақты ойластырылған жоспары керек. Бейберекеттілікке жол бермеу үшін көптеген жәйтты ескеру қажет. Жалпы, вакцинация эпидемиологиялық жағдайды түзеуі тиіс. Алда атқаратын жұмыс өте көп", - деді Тоқаев.

1 ақпанда қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы екпе егу науқаны басталады. Вакцинация кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезекте вакцина медицина қызметкерлеріне салынады. Жыл соңына дейін алты миллион қазақстандыққа вакцина салу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.