АЛМАТЫ, 25 қаңтар – Sputnik. Қарағанды облысында әйел өрт кезінде үшінші қабаттан секіріп кетті. Ол омыртқасын жарақаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 24 қаңтарда сағат 06:57-де Абай ауданы Дубовка ауылындағы пәтерден түтін шыққаны хабарланған.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін әйел үшінші қабаттан секіріп, омыртқасын жарақаттады.
"Өрт сөндіру бөлімдері келген уақытта пәтер ашық күйде жанып жатты. Өрт сөндірушілер 3-қабаттың терезесіне үш иінді баспалдақ орнатып, улы газдан зардап шеккен ер адамды құтқарды", - делінген департамент таратқан ақпаратта.
Өрттің жалпы ауданы – 75 шаршы метр. Үш пәтердегі тұрмыстық заттар, жиһаздар, ағаш еден жанған.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 16 адам және 4 техника жұмылдырылды. Өрттің шығуына ашық от себеп болған.