АЛМАТЫ, 25 қаңтар – Sputnik. Коронавируспен ауырғандар дәм мен иіс сезе алмайтынын айтып жиі шағымданады. Невролог, нейрофизиолог Александр Будик бұл процесті қалай тездетуге болатынын айтты.
Дәрігердің айтуынша, адамдардың көпшілігінде иіс пен дәм сезу тез қалпына келеді. Ауру белгілері екі аптадан кейін кетеді. Алайда кейбір адам бірнеше ай бойы иіс пен дәм сезбей жүреді.
Иіс сезуді қалпына келтіруге иісі өткір заттар көмектеседі.
"Өз пациенттеріме күн сайын 20 секундтан бір затты иіскеп, жаттығуды ұсынамын. Қалампыр, сарымсақ, кардамон, даршынмен жаттығуға болады. Ағза жұмысқа белсенді қатысатын органға көп көңіл бөле бастайды және барлық ресурс осы органның жұмысын тезірек қалпына келтіру үшін әрекет етеді", - деді Будик Sputnik радиосына берген сұқбатында.
Дәрігердің айтуынша, әзірге дәм сезуді қалпына келтірудің арнайы әдісі жоқ. Алайда иіс сезу дәм сезуге алып келеді.
"Иіс пен дәм сезу қатар жүреді. Дәм мен иістің бұзылуы бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан қалпына келу процесінде де бір-біріне әсер етеді", - деп түсіндірді Александр Будик.
Әзірге ғалымдар коронавируспен ауырғандарда иіс пен дәм сезу қабілеті неге нашарлайтынын анықтаған жоқ. Коронавирус инфекциясынан сілекей құрамы бұзылып, дәм сезу рецепторларына жетпей ыдырап кетуі де мүмкін.